Жаңа жылда Павлодарда тағы екі жаңа мектеп салынады
Соның ішіндегі бір мектеп құрылысына арналған конкурс ерекше тәртіппен өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Усолка шағын ауданында мектеп құрылысын Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жариялады. Ол жаңа мектеп шағын аудандағы оқушы орындарының жетіспеушілігін шешетінін мәлімдеді. Құрылыс 2026 жылдың басында басталады деп жоспарлануда.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Әлия Әубәкірованың айтуынша, құрылысқа қаражат бөлініп қойылған, мектеп 1200 оқушыға арналған. Құрылыстың аяқталуы 2027 жылға жоспарланған. Тақырыпты құрылыс басқармасының басшысы Асқар Әжмұрат жалғастырды. Мектеп «Жайлы мектеп» жобасына ұқсас салынады.
- Конкурс өткізуге қажет техникалық құжаттама әзірленуде. Осы жолы конкурста жеңімпаз атанған мердігер жобалау ұйымымен бірге нысанды жобалау мен салуды жүзеге асырады. Құрылыс басқармасы жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қатыспайды. Білім министрлігі бірінші жылға 2,5 миллиард теңге бөлді, қалғаны 2027 жылға. Барлығы шамамен сегіз миллиард теңге бюджеттен бөлінген, - Асқар Әжмұрат.
Сонымен қатар, Әлия Әубәкірованың айтуынша, 2026 жылы Кенжекөлде Авиақалашық шағын ауданында 200 оқушыға арналған тағы бір мектеп салынады. Мектепке жер учаскесі бөлініп қойылған.
2025 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Достық шағын ауданындағы №48 мектеп 1200 оқушыға арналып ашылды, ал 600 оқушыға арналған №47 мектептің құрылысы аяқталды, сабақтар үшінші тоқсанда басталады деп жоспарлануда. Үшінші тоқсанда 288 оқушыға арналған Байтұрсынов мектебінің қосымша ғимаратында да алғашқы қоңырау соғылады.
Үш шағын ауылдық мектептің пайдалануға берілуі аймақтағы тозығы жеткен мектептер мәселесін шешті. Биыл Аққулы ауданындағы Тілектес, Павлодар ауданындағы Бірлік және Ертіс ауданындағы Бұланбайда жаңа мектептер салынды.