Павлодарлық түлек онға жуық беделді шетелдік университеттен шақырту алды

Павлодарлық түлек онға жуық беделді шетелдік университеттен шақырту алды
Фото:pixabay.com/vloveland

Дарынды қыз «Алтын белгіге» үмтікер, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, Айзере Қосанова Павлодар қаласындағы №8 лицейде 1-сыныптан бастап оқыған. Оның айтуынша, бала кезінен гуманитарлық және шығармашылық пәндерге — әдебиетке, тарихқа, шет тілдеріне қызығушылығы басым болған. Мектепте белсенді оқушы болып, түрлі жобаларға, әлеуметтік бастамаларға қатысқан.

– 122 балл жинаған Айзере Қосанова 4 шетелдік жоғары оқу орнынан грант иеленіп, тағы 4 университеттен 70-80 пайыз көлемінде оқу жеңілдігін алды, – деді басқармада.

Айзеренің сөзінше, 9-сыныпта оның әлеуметтік ғылымдарға және кәсіпкерлікке қызығушылығы арта түсті. 

– Сол кезде кім болатынымды нақты білмесем де, өзіме аналитика, креативтілік және әлеуметтік пайда ұштасатын салалар жақын екенін түсіндім. Осылайша тұрақты даму, бизнес және халықаралық қатынастар тақырыптарына терең үңіле бастадым, — деді Айзере.

Ол қазақ, орыс және ағылшын тілдері бойынша олимпиадаларға қатысып, қалалық және облыстық деңгейде бірнеше рет жеңімпаз атанған. Айзере әсіресе экология мен бизнес тақырыбындағы ғылыми жобадағы жұмысын ерекше атап өтеді. Сол кезде Павлодар облысының экологиялық жағдайын спутниктік мәліметтер арқылы талдауға тура келген.

Бүгінде Айзере ҰБТ тапсырып, 122 балл жинады. Сонымен қатар, ол «Алтын белгі» иегерлігіне үміткер. Енді жоғары оқу орнына түсу кезеңі алда тұр. Қазіргі таңда ол бірнеше беделді университеттен шақырту алған. Олардың қатарында New York University Shanghai, Penn State University, The University of British Columbia, The American University of Paris, Carnegie Mellon University, Drexel University, HULT University, Simmons University бар.

– Әр бағдарламаны жеке зерттедім. Оқу ақысы университетке және елге байланысты өзгереді. Бұл ақпараттың барлығы университеттердің ресми сайттарында бар. Оқу ақысы толық немесе жартылай жабылса да, қосымша шығындар – тамақ, көлік, басқа да қажеттіліктер қалады. Грант – кез келген отбасы үшін үлкен қолдау. Ата-анам мені өз мүмкіндіктері шегінде қолдауға дайын. Сол себепті мен гранттық және стипендиялық бағдарламалар арқылы білім алуға тырысамын, –  дейді Айзере Қосанова.

Айзере бұл нәтижеге ол өз күшімен жеткенін айтады — құжат тапсырып, тест тапсырып, эссе жазған.

Ол отбасындағы ортаңғы бала. Ағасы шетелде грантпен оқып жатыр, ал інісі әлі мектеп оқушысы. Жалпы алғанда, барлық балалардың мақсаты — тегін білім алу.