Павлодарлық студент ТМД-ның үздік студенті атанды
Ол Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің "Химия-Биология" білім беру бағдарламасының 2 курс студенті Рината Қалиева, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
"ТМД-ның үздік студенті-2023" байқауына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және т.б. елдердің жас ғалымдары мен студенттері қатысты. Бұл халықаралық ынтымақтастықты нығайта отырып, ғылымды дамыту бағытындағы біріктіруші алаң. Қатысушыларға "ТМД үздік студенті" жинағы, "Үздік студент" арнайы төсбелгісі, еңбегі туралы куәлік және I, II, III дәрежелі дипломдар табыс етілді. Сондай-ақ кітаптың электронды нұсқасы берілді.
Ұстаздарының айтуынша, Рината Қалиева 1-курстан бастап ғылыми және қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып келеді. Ол өзінің ғылыми жетекшісі Роза Мұқановамен бірге педагогикалық салада белсенді ғылыми-зерттеу қызметін жүргізеді.
Марғұлан университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ольга Андрющенко студентіне үздік марапатын салтанатты түрде табыс етіп, сәттілік тіледі.
- Біз студенттердің ғылымға және қоғамдық іс-әрекетке деген қызығушылығын қолдаймыз. Интегралды GPA бағдарламасын пилоттық енгізу жылы аяқталып келеді. Сондықтан студенттеріміздің жетістігін, олардың кәсіби құзыреттіліктері мен зерттеу дағдыларын дамытуға және жетілдіруге деген шынайы қызығушылықтары үшін қуаныштымыз, - деді ол.
Өз кезегінде Рината әркез өзіне қолдау білдіріп, аталмыш байқауда топ жаруына жағдай жасаған оқу ордасына алғысын білдіреді.