Су тасқыны: Ақтоғай ауданының ауылында ТЖ режимі жариялануы мүмкін
Жалаулы ауылында қырдан оннан астам үйге су кірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Ашық НҚА» порталында Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылдық округінің Жалаулы ауылы аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы жоба жарияланды.
– Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі Ақтоғай ауданы комиссиясының кезектен тыс отырысының 2024 жылғы 30 наурыздағы № 4 хаттамасы негізінде Жалаулы ауылдық округінің Жалаулы ауылы аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын,– делінген шешімде.
Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов шешімнің орындалуын бақылауға алды. Жоба 2 наурызға дейін ашық талқыланатын болады.
Еске сала кетейік, Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында жолдарды су шайып, тасқын судың деңгейі жарты метрге жетті. Ауыл ойпаң жерде орналасқандықтан жағдай күрделі болып жатыр. Облыс әкімі Асайын Байханов аталған ауылға барып, еріген суды жинау үшін қолда бар үш шұңқырды кеңейтіп, даладан ауылға аққан судың бағытын бұру үшін ұзындығы алты километр бөгет салу туралы шешім қабылдаған болатын.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай, «AMANAT» партиясының өкілдері де қалыс қалмай зардап шеккен жергілікті тұрғындарды қажетті заттармен қамтамасыз етті.