Павлодарлық оқушы Ресейдегі халықаралық олимпиададан күміс медальмен оралды
Сочи қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы IJSO-2025 халықаралық жаратылыстану олимпиадасы Қазақстан құрамасы үшін табысты аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Оқу және ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, білім додасына әлемнің жиырма бір елінен жүз жиырмадан астам оқушы қатысып, физика, химия және биология пәндері бойынша өз білімдерін сынға салды.
Жарысқа барлығы алты оқушыдан және үш жетекшіден тұрған Қазақстан құрамасы қатысты. Олар бәсеке қорытындысы бойынша жүз пайыздық нәтиже көрсетіп, барлығы алты медаль жеңіп алды.
Құрама қоржынына үш күміс медаль және үш қола медаль түсті.
Күміс медаль иегерлері Алматы қаласындағы РФММ-нің 10-сынып оқушысы Ратмир Кутырев, Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің 9-сынып оқушысы Даниил Перепелица және Жамбыл облыстық дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған Білім-инновация лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Мухаммад Сыздықов.
Қола медаль иегерлері – Астана қаласындағы «NURORDA» мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Тимур Алпысбаев, Абай облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған Білім-инновация лицейінің 10-сынып оқушысы Ерасыл Дүйсенбеков және Ақтөбе облыстық дарынды жасөспірімдерге арналған мамандандырылған Білім-инновация лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Нұрсейіт Сейтқазиев.