Павлодарлық оқушылар республикалық Абай оқуларында жүлде алды

Павлодарлық оқушылар республикалық Абай оқуларында жүлде алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Семей мен Абай ауданында өткен мерейтойлық республикалық байқауға өңір намысын бес оқушы қорғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы мен Абай облысының білім басқармасы ұйымдастырған ХХV мерейтойлық республикалық Абай оқулары өз мәресіне жетті.

Семей қаласы мен Абай ауданындағы «Абай және Шәкәрім» мемориалдық кешенінде өткен байқауға еліміздің барлық өңірінен 21 команда құрамында 132 оқушы қатысты.

Бағдарлама аясында қатысушылар Қарауыл ауылындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Мұхтар Әуезовтің Бөрлідегі музейіне және Абайдың туған жері Сырт Қасқабұлаққа саяхат жасады. Сонымен қатар оқушылар «Еңлік – Кебек» ескерткіші маңында ұйымдастырылған театрландырылған қойылымды тамашалады.

Байқау бес бағыт бойынша өткізілді. Қатысушылар Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқудан, ақын шәкірттерінің шығармаларын орындаудан, ән мен күй сайысынан, жас ақындар мүшәйрасынан және Абай бейнесін әдеби шығармалар арқылы талдау бағыттарында бақ сынады.

Павлодар облысының атынан республикалық кезеңге өңірлік байқаудың жеңімпазы атанған бес оқушы қатысты.

– «Сөз өнеріндегі Ұлы Абай бейнесі» бағыты бойынша ІІ дәрежелі дипломды дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның 8-сынып оқушысы Төлейбай Бибі иеленді. Ал «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» бағыты бойынша ІІІ дәрежелі диплом Ақсу қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Сарсенбай Нұрсәтқа бұйырды, – деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.

Сонымен қатар Екібастұз қаласындағы №33 мектептің 9-сынып оқушысы Жұмағалиқызы Гүлзана «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының Құрмет грамотасымен марапатталды.