Балапандар жарып шықты. Павлодарлық студенттер стартап-жобаны жалғастыруда

Стартаперлер брама мен джерси тұқымдас алып тауықтарды өсіруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ertis» жоғары аграрлық колледжінің студенттерінде дамыл жоқ. Оқу орны жанындағы шағын фермада 35 балапан жарып шықты.
Колледж директоры Айгүл Байжұманованың айтуынша, болашақ мал дәрігерлері оқу шаруашылығында стартап-жоба аясындағы жұмыстарын жалғастыруда.
– Студенттер тауықтар мен балапандарға өздері күтім жасайды. «Брама», «джерси алыбы» және «кучинск мерейтойлық» тұқымды үй құстарын студенттер өз күштерімен инкубаторда шығарды. Қазір шаруашылық қызметкерлері оларға мұқият қарап, өсуі мен дамуына қолайлы жағдай жасап отыр, – дейді Айгүл Байжұманова.
Жоба теориялық білімді ауыл шаруашылығындағы нақты тәжірибемен ұштастыратын дайындықтың бір бөлігіне айналды. Инкубаторға тағы 45 жұмыртқадан тұратын жаңа партия салынды. Студенттер инкубация үрдісін мұқият бақылап, параметрлерді тіркейді және эмбриондардың дамуын қадағалап отыр.
– Жаңа партиядан алғашқы балапандар келесі аптаның басында шығады деп күтілуде. Осылайша, стартап-жоба нақты нәтижелер беріп, студенттерді мал шаруашылығына тартумен қатар, олардың тәжірибелік дағдыларын дамытуда, – дейді Айгүл Байжұманова.
Колледж заманауи жабдықтар және ветеринарлық зертханамен жабдықталған. Онда күрделі операциялар, жануарларға УДЗ және стоматологиялық процедуралар жүргізіледі. Оқу-жаттығу жер телімдері студенттерге дала жағдайында дәнді дақылдар мен көкөніс өсіру технологияларын меңгеруге мүмкіндік береді.
Ал «Agrohab» орталығында студенттер өз бизнес-идеяларын әзірлеуде. Қазірдің өзінде аспа саңырауқұлақтары, гүлдер өсіру және шағын құс шаруашылығы жобалары сәтті жүзеге асырылуда.
Студенттер құсты тек ет үшін өсірумен шектелмей, тұқым мен жұмыртқа сапасына да ерекше мән береді. Ол үшін қолайлы жағдай жасалған. Олар овоскоп құралы арқылы мұқият іріктеу жүргізеді. Өткен жылы 100-ден астам жұмыртқа тексеріліп, нәтижесі көңіл көншітті. Ең ірілері 65 граммға дейін жетіп, жоғары сұрыпқа жатқызылды.
«Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжі жаңа буын мамандарын даярлау орталығына айналып үлгерді. Жыл сайын оқу орны еңбек нарығының сұранысына сай жаңа мамандықтарды іске қосуда.