Көлік министрлігі 2026 жылға арналған ірі жобаларды жариялады
Өткен жылғы көрсеткіштер қорытындыланып, алдағы жылы теміржол, автожол және авиация салаларында жаңа инфрақұрылымдық бастамалар жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Роман Скляр төрағалығымен Көлік министрлігінің алқа отырысы өтті. Жиынға Президент әкімшілігі, Үкімет аппараты, ведомствоға қарасты ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Отырыста министрлік басшылығы Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы мен 2025 жылғы негізгі нәтижелер туралы есеп беріп, 2026 жылға арналған басым бағыттарды таныстырды.
Роман Скляр алқа отырысы елдегі саяси трансформация және жаңа Конституцияны әзірлеу үдерісі аясында өтіп жатқанын атап өтті.
– Жаңа Конституция жобасы қоғамның белсенділігі мен саяси мәдениетін арттыру шараларын көздейтін, мемлекетіміздің дамуының сапалық жаңа деңгейін белгілейтін тұжырымдамалық жаңа құжат болып табылады, – деді ол.
2025 жылы теміржол саласында Достық – Мойынты учаскесі мен Алматы станциясының айналма теміржол желісі іске қосылып, 1,5 мың шақырымнан астам жол жаңартылды. Жүк тасымалы шамамен 320 миллион тоннаны құрады.
Автомобиль жолдары бағытында 13 мың шақырымға жуық жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бірқатар ірі жобалар аяқталды. Азаматтық авиацияда ұшу қауіпсіздігі бойынша ИКАО стандарттарына сәйкестік деңгейі 95,7 пайызға жетіп, әуежайлар 30 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетті.
2026 жылы теміржол саласында жаңа желілердің құрылысы мен бірқатар учаскелерді жаңғырту жұмыстары жалғасады. Автожол саласында жалпы ұзындығы 11 мың шақырымды қамтитын құрылыс және реконструкция жобалары іске асырылады. Сонымен қатар «Орталық – Батыс» дәлізін дамыту басталып, бірнеше стратегиялық бағытта жұмыстар қолға алынбақ.
Мультимодальды тасымалды дамыту мақсатында Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымы жаңғыртылып, айлақтарды реконструкциялау және түбін тереңдету жұмыстары аяқталады.
Авиациялық инфрақұрылымды дамыту аясында Астана, Шымкент, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында жаңа нысандар салу және қайта жаңғырту жоспарланған. Сондай-ақ Павлодар әуеайлағын жаңғырту көзделіп отыр, бұл өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Арқалық әуежайын қалпына келтіру және бірқатар туристік аймақтарда әуежай құрылыстарын аяқтау жоспарланған.
Жыл соңына дейін отандық әуе компаниялары тоғыз жаңа ұшақ сатып алып, әуе паркінің санын шамамен 118 бірлікке дейін ұлғайтуды көздеп отыр.
Алқа қорытындысында Роман Скляр көлік-логистика саласын одан әрі дамыту бойынша қосымша міндеттер жүктеп, нақты тапсырмалар бергені атап өтілді.