Президент: Егемендік декларациясы – елдігіміздің берік тұғыры
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тұрғындарын Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Құрметті отандастар! Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстанның тарихи таңдауын айқындаған Егемендік декларациясы – елдігіміздің берік тұғыры. Онда мемлекетіміздің аумақтық тұтастығының мызғымастығы, халқымыздың жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуға ұмтылысы және азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілетіндігі нақты көрініс тапқан, – деді Мемлекет басшысы.
Президент осы басты қағидаттар Конституциямызда, заңдарда және Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдарын белгілейтін басқа да құжаттарда көрсетілгенін атап өтті.
Республика күні ырысты ынтымақ пен өзара тілеулeстіктің арқасында халқымыздың барлық сын-қатерден сүрінбей өтіп, азаттыққа жеткенін әйгілейді.
– Біз бабалар аманатына адал боламыз. Ел бірлігін әрдайым нығайта береміз. Егемендігімізді қадір тұтып, көздің қарашығындай сақтаймыз. Халқымыз тату-тәтті әрі берекелі қоғам құруға бар ерік-жігерін жұмсайды, жасампаз ісімен жаңа белестерді бағындырады. Әрбір отандасымыз Адал азамат деген атқа лайық болып, елімізді дамытуға салмақты сөзімен, өнегелі ісімен үлес қосады. Біз бірге мақсатымызға жетеміз – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрамыз. Байрағымыз көк аспанда асқақ желбіресін! Ұлттың рухы қашанда биік болсын! Еліміз өсіп-өркендей берсін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әр отбасына зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тіледі.