Павлодарда «италиялық» деп сатылған ванна Беларусьтен әкелінгені анықталды
Кәсіпкерлік субъектісі 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Болат Тұрмағанбеттің мәлімдеуінше, Павлодар қаласының тұрғыны акрил ваннасын 24 айлық кепілдікпен сатып алғанымен, көп ұзамай оның бетінен жарық анықтаған. Сапасыз тауарға тап болған тұтынушы сатушыдан ақшасын қайтаруды немесе тауарды айырбастауды талап еткен. Алайда дүкен өкілдері жарық механикалық әсерден болғанын алға тартып, талапты қанағаттандырудан бас тартқан.
Бұдан бөлек, сатып алу кезінде кеңесші ваннаны италиялық өндіріс деп таныстырған. Кейінірек тауардың Беларусь елінде шығарылғаны белгілі болған.
– Тұтынушының шағымы негізінде департамент жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында дүкен кепілдік мерзімі ішінде тауар сапасына қосымша сараптама жүргізбей тұрып, айырбастау мен қайтарудан бас тартқаны анықталды. Бұл «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң талаптарына қайшы келеді, – деді Болат Тұрмағанбет.
Нәтижесінде кәсіпкерлік субъектісі 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұлға тартылып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама алды.
Мамандар тауар сатып алу кезінде оның шығу тегі мен кепілдік шарттарына мұқият назар аударып, құқық бұзушылық анықталған жағдайда уәкілетті органдарға жүгінуге кеңес береді.