Күн мен жел энергиясы: Қазақстанның жасыл энергетикасы қалай өзгерді?

Күн мен жел энергиясы: Қазақстанның жасыл энергетикасы қалай өзгерді?
Фото: Ұлттық статистика бюросынан

Қазақстанда жасыл энергетика қарқын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қазақстан Республикасы стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында айтарлықтай өсім байқалады. 

2025 жылдың қорытындысы бойынша ірі су электр станцияларын қоса есептегенде, жаңартылатын энергия көздерінің Қазақстандағы электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі үлесі 14,5%-ды құрады. Ал ірі су электр станцияларын есептемегенде, бұл көрсеткіш 7%-ға жетті.

Көрсеткіштердің өсуі елімізде күн, жел және басқа да жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың кеңейіп келе жатқанын аңғартады.

Атап айтқанда, ірі су электр станцияларын қоса есептегенде, ЖЭК нысандарында өндірілген электр энергиясының көлемі 2015 жылғы 9,5 миллиард кВт•сағаттан 2025 жылы 17,9 миллиард кВт•сағатқа дейін өскен. Осы кезеңде олардың электр энергиясын өндірудегі үлесі 10,4%-дан 14,5%-ға артты. 

Ал ірі су электр станцияларын есепке алмағанда, өсім бұдан да жоғары. 2015 жылы жаңартылатын энергия көздерінің электр энергиясын өндірудегі үлесі небәрі 0,6% болса, 2025 жылы 7%-ға жетті.

Сонымен қатар, осы көздерден өндірілген электр энергиясының көлемі 536,5 миллион кВт•сағаттан 8 693,6 миллион кВт•сағатқа дейін, яғни он жылда 16 еседен астам артты.

Осылайша, соңғы онжылдықта Қазақстанның энергетика саласында жаңартылатын энергия көздерінің маңызы артып, электр энергиясын өндірудегі үлесі біртіндеп ұлғайып келеді.