Май ауданында халық қалаулылары жақын туыстарын жұмысқа алған

Май ауданында халық қалаулылары жақын туыстарын жұмысқа алған
Фото:pixabay.com/mhouge

Екі шенеунік сөгіс алуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavodarnews.kz.

Биыл Саты ауылдық округінің әкімі мен Ақжар ауылының әкіміне қатысты ҚР мемлекеттік қызметі туралы Заңның 10-бабы 7-тармақшасы, 51-бабы, сондай-ақ, ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 6-тармағы 3-тармақшасының талаптарын бұзу фактісі бойынша тәртіптік іс қозғалды. 

Ал қызметтік тергеп-тексеру жүргізу кезінде шенеуніктің жұбайы мен әкесінің ағасы Саты ауылдық округі аппаратының күзетшілері ретінде қызмет етіп жатқаны анықталды. Әйелдің жұбайы бұл қызметте 2012 жылдан бері, ал әкесінің ағасы 2006 жылдан бері жүр. Бұл ретте Саты ауылдық округінің әкімі бұл лауазымда 2024 жылдың 18 қыркүйегінен бастап қызмет атқарады. Шенеунік өзі берген түсіндірмелеріне сәйкес, басшылықты мемлекеттік мекемедегі туыстық байланыс туралы хабарлау қажеттілігі туралы білмеген.

Ал ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңының 14-бабы 1-1-тармағы талаптарына сәйкес, мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе соларға теңестірілген функцияларды атқаруға байланысты лауазымға кандидаттар болып табылатын адамдар өздері лауазымды атқаруға үміткер ұйымның басшылығын осы ұйымда жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы немесе жекжаттары туралы жазбаша нысанда хабардар етуге міндетті.

Дәл осындай бұзушылық Май ауданының тағы бір ауылында болған. 

Тексеру барысында 2023 жылдың 1 тамызында Ақжар ауылының әкімі лауазымына келген шенеунік аппараттың жүргізушісі ретінде туған ағасының ұлын жұмысқа алғаны анықталды. Оның туысы сол жылдың қазан айында жүргізуші болып орналасты. 

Саты ауылдық округінің әкімі мен Ақжар ауылының әкімі мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды мүлдем қабылдамаған. Екеуі де кешірім сұрап, қателіктің қайталанбайтынын уәде етті. 

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері бірауыздан Май ауданының әкіміне екі ауылдық әкіміне қатаң сөгіс түріндегі жаза қолдануды ұсынды.