Павлодар облысында жол қозғалысы ережелерін бұзған 21 мыңнан астам жүргізуші анықталды
Бұл бұзушылықтар ағымдағы жылдың жарты жылында болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жол ережесін бұзу фактісі «Redspeed», «Интегра-КДҚ» ЖҚБИЖ, «Автоураган» АБК жүйелері арқылы анықталған.
Жалпы, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыс орталығындағы көшелерде жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерді анықтайтын 41 автоматты жүйе орнатылған.
Бұл жүйелер тек жылдамдық режимін ғана емес, сонымен қатар бағдаршамның тыйым салынған түсіне өту мен жол белгілерін бұзуды бақылауға және тіркеуге қабілетті. Сонымен қатар, жүйелер көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлерін оқып, таниды. Жолдардағы бұзушылықтардың бейнежазбасын әртүрлі бұрыштардан түсіріп, оларды орталық серверге жібере алады.
- Ағымдағы жылдың 6 айында Павлодар қаласында «Redspeed», «Интегра-КДҚ» ЖҚБИЖ, «Автоураган» АБК жүйелерімен 21 449 жол қозғалысы ережелерін бұзу анықталды. Жол ережесін бұзғандар 277 млн.999 мың 275 теңге сомасында айыппұл салу туралы ұйғарымдар жазылды, - деді облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаев.
Соның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабы бойынша жылдамдықты асырғаны үшін 273 млн.792 мың теңге сомасына 21 014 ұйғарым шығарылды.
ҚР ӘҚБтК 599-бабы бойынша бағдаршамның тыйым салынған түсіне жүргені үшін 2 млн.225 мың 250 теңге сомасына 112 нұсқама толтырылды.
1 млн. 982 мың 025 теңге сомасына ҚР ӘҚБтК 601 - бабы-323 нұсқамасы бойынша жылдамдық режимін, тоқтату сызықтарын және бағдаршамның қызыл түсін бұзғаны үшін айыппұл салынды.
- Тәртіп бұзған жүргізушілерге нұсқамалар тұрғылықты жері бойынша «Қазпошта» АҚ арқылы жіберіледі. Жіберілген нұсқамалар бойынша 241 млн. теңгеге жуық айыппұл төленді. Сонымен қатар, жыл басынан бері жұмыс орны бойынша мәжбүрлеп орындау үшін 13 млн.теңге сомасына 1000-нан астам ұйғарым жіберілді, - деді спикер.
Бұдан бөлек, сот орындаушыларына шамамен 32 млн.теңге сомаға 1000-ға жуық ұйғарым жіберілген.