Жүргізу құқығынан айырылған павлодарлық мас күйде тағы рөлге отырған
Оның әрекеті жедел басқару орталығының камераларына түсіп қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда жедел басқару орталығы инспекторларының қырағылығының арқасында бұған дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылған электровелосипедтің мас жүргізушісі ұсталды.
Бейнебақылау инспекторы Торайғыров көшесінде мемлекеттік тіркеу нөмірлері жоқ E-Bikis маркалы екі дөңгелекті көлікті байқаған. Ақпарат автопатруль қызметкерлеріне беріліп, олар көлік құралын тоқтатып, жүргізушінің жеке басын анықтады.
Рөлде 25 жастағы қала тұрғыны болған. Медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде болғанын растады. Деректер базасы арқылы тексеру барысында ер адамның 2024 жылы сот шешімімен көлік құралдарын басқару құқығынан жеті жыл мерзімге айырылғаны анықталды.
– Жүргізушіге қатысты әкімшілік материал толтырылып, ал электровелосипед арнайы тұраққа қойылды, – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Ведомствоның мәліметінше, жедел басқару орталығының кеңейтілген бейнебақылау жүйесі жолдардағы жағдайды тәулік бойы нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Бұл полицияға қауіпсіздікке төнген кез келген қатерге жедел ден қоюға және қала көшелеріндегі ауыр құқық бұзушылықтардың қайғылы жағдайға әкелуіне жол бермей, олардың жолын кесуге мүмкіндік береді.