Павлодар өңірінің оқушылары Марғұлан университетіне қалай түсуге болатынын білді
Іс-шара мұғалім мамандығының тартымдылығын арттыру және жастардың ерте кәсіби бағдарлануына көмектесуді көздеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз орталығының мәліметінше, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде Павлодар қаласы, Ақсу қаласы, Баянауыл және Железин аудандарынан келген педагогикалық бағытты таңдаған мектеп оқушылары үшін Ашық есік күні өтті. Іс-шараға педагогикалық сыныптарда білім алатын оқушылар, мұғалімдер, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер және білім беруді дамыту орталығының әдіскерлері қатысты.
Университет ректоры Ержан Әмірбекұлы педагогикалық сыныптар жобасының жастардың ерте кәсіби бағдарлануында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– «Педагогикалық сыныптар» жобасының негізгі мақсаты – мұғалім мамандығының тартымдылығын арттыру. Біз балаларды тек университетпен таныстырып қана қоймаймыз. Болашақта мұғалімдікке сенімді қадам жасауға бағыт беретін жолды көрсетеміз. Басты міндетіміз – ел дамуына үлес қосатын жауапты, саналы азаматтарды тәрбиелеу, – деді ол.
Шара барысында педагогикалық сыныпты аяқтап, бүгінде университетте білім алып жатқан студенттер өздерінің тәжірибесімен бөлісті. Мысалы, «Тарих және ағылшын тілі» мамандығының екінші курс студенті Құдайберген Вовкаұлы мұғалім болу арманы бірінші сыныптан басталғанын және жоба іске қосылғанда тестілеуден алғашқылардың бірі болып өткенін айтты. Сондай-ақ, 8-сыныптан бастап педсыныпта оқыған, қазір «Биология» мамандығында білім алып жүрген Елнар Ахметов педагогикалық сынып жобасы оның болашақ мамандығын таңдауға көмектескенін жеткізді.
Ашық есік күні аясында оқушылар студенттік өмірдің түрлі бағыттарымен танысып, MUza шығармашылық академиясының, студенттік театр мен студенттік парламенттің жұмысын көрді. Сонымен қатар олар дебат алаңына қатысып, «Ұлттық Style» шығармашылық кеңістігіне қатысып, «SCAFFOLD: кәсіби тұлғаны дамытудың жаңа формуласы» атты презентацияны тамашалады.
Айта кетейік, «Педагогикалық сынып» жобасы алғаш рет 2021 жылы Майқайың кентіндегі М.Әуезов атындағы орта мектепте ашылған. Кейін бастама Павлодар қаласындағы №2 мектепте жалғасын тауып, оған Железин ауданы мен Ақсу қаласы қосылды. Бүгінде жобаға 70-тен астам оқушы қатысады. Әр мектепте жауапты педагогтар бекітіліп, университет тарапынан семинарлар, тренингтер және кездесулер өткізіліп келеді. Бұл жоба 8-11-сынып оқушылары арасынан педагогикалық мамандыққа ерекше ынтасы бар балаларды іріктеп, олармен жеке жұмыс жүргізуге бағытталған.