Торайғыров университеті Азияның үздік жоғары оқу орындары тізіміне енді

Торайғыров университеті Азияның үздік жоғары оқу орындары тізіміне енді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Asia 2027 халықаралық рейтингіне Қазақстанның 51 жоғары оқу орны кірген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров университеті QS Asia 2027 рейтингінде Қазақстанның үздік 20 жоғары оқу орнының қатарына енді. Осылайша үздіктер қатарынан көрінген еліміздегі 51 жоғары оқу орнының арасында 19-орынға тұрақтады. Сондай-ақ Азия университеттері арасында 476-орынға ие болды. 

– QS Asia рейтингі – Азия өңіріндегі жоғары оқу орындарының қызметін бағалайтын беделді халықаралық рейтингтердің бірі. Биылғы қорытынды бойынша Торайғыров университеті жалпы 33,7 балл жинады, – делінген хабарламада.

Рейтинг қорытындысы бойынша Торайғыров университеті Азия университеттері арасында 476-орынға, Орталық Азия жоғары оқу орындары арасында 30-орынға тұрақтады. Ал Қазақстанның рейтингке енген 51 университетінің арасында 19-орынға ие болып, жалпы 33,7 балл жинады.

Университет ең жоғары нәтижені оқытушылар мен студенттер арақатынасы көрсеткіші бойынша көрсетті. Бұл индикатордан 80,5 балл жинады. Аталған көрсеткіш білім беру үдерісіндегі профессор-оқытушылар құрамының жеткіліктілігін және студенттермен жеке жұмыс істеу мүмкіндігін бағалайды.

Сонымен қатар, жұмыс берушілер арасындағы беделі бойынша 52,9 балл, шығыс академиялық ұтқырлық көрсеткіші бойынша 42,9 балл, академиялық беделі бойынша 35,4 баллды еншіледі.

Университет өкілдерінің мәліметінше, бұл нәтижелер оқу орны түлектерінің еңбек нарығындағы сұранысқа ие екенін, халықаралық білім беру мүмкіндіктерінің кеңейіп, академиялық ортадағы беделінің нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Қазақстанның үздік 20 жоғары оқу орнының қатарына ену білім сапасын арттыру, ғылыми қызметті дамыту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі ретінде бағаланып отыр.