Баянауылдық оқушылар халықаралық робототехника фестивалінде жүлдегер атанды
Олар төрт жүлделі орынға ие болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қарағанды қаласында VIII халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалі «RoboLand 2023» өтті. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия және Ресейден келген 300-ден астам команда қатысты. Фестиваль 16 бағыт бойынша өтті.
– Аталған шара оқушылардың шығармашылық белсенділігін дамытуға жәрдемдесу, инженерлік дағдыларды қалыптастыру, білім беру робототехникасы мен бағдарламалауды танымал ету, озық тәжірибемен алмасу, мықты командаларды анықтау мақсатында ұйымдастырылды, – деді облыстық білім беру басқармасында.
Фестивальдің қорытындысы бойынша Павлодар облысының оқушылары төрт медаль жеңіп алды, оның ішінде екеуі – күміс, екеуі – қола.
Баянауыл ауданындағы З.Ақышев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің 11-сынып оқушылары Ерасыл Нұрлыбекұлы және Ерасыл Тұрғынбаев «Су роботтары» (14-18 жас) санаты бойынша екінші орынға ие болды. М. Ж. Көпейұлы атындағы жалпы орта білім беру мектебінің 9-cынып оқушысы Ислам Баян «Сумо» (10-14 жас) санаты бойынша күміс медальге қол жеткізді.
Баянауыл ауданы М.Ж. Көпейұлы атындағы жалпы орта білім беру мектебінің 3-cынып оқушысы Төлебай Хамза мен 2-сынып оқушысы Айару Хамза «Шығармашылық» санатында (6-9 жас) қолаға ие болды.
Ш. Шөкин атындағы №2 жалпы орта білім беру мектебінің 5-сынып оқушысы Томирис Хамзаева пен 7-сынып оқушысы Ерасылбек Саябек «Сумо» санаты (10-14 жас) бойынша үшінші орынды иеленді.