Павлодар ауданында Мәшһүр Жүсіп мұрасын зерттеуге арналған арнайы кабинет ашылды
Оқушылар енді қазақтың ұлы ойшылының өмірі мен шығармашылығын тереңірек танып, ғылыми тұрғыда зерделеуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар ауданының Набережное ауылындағы №2 Чернорецк жалпы орта білім беру мектебінде қазақ халқының көрнекті ойшылы, ақын, шежіреші әрі ағартушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының есімі берілген арнайы кабинет салтанатты түрде ашылды.

Бұл игі бастама биыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларының ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық тізіміне енгізілуімен тұспа-тұс келді. Аталған шешім ғұламаның баға жетпес қолжазбалары мен шығармашылық қазынасының әлемдік деңгейде мойындалуына мүмкіндік берді.
Мектеп директоры Ұлан Нұртыбайдың айтуынша, арнайы кабинет ашу туралы бастама ұжымның ортақ шешімімен қолға алынып, дайындық жұмыстары бір жарым айға созылған. Жобаны жүзеге асыруға демеушілер де қолдау білдірген. Олардың қатарында Екібастұз қаласындағы Мәшһүр Жүсіп қорын басқаратын Абай Шәріп Төлебайұлы бар.
– Павлодар облысынан шыққан ұлы тұлғаларды жас ұрпаққа танытуымыз керек. Мәшһүр Жүсіп атамыздың жазбалары, кітаптары мен философиялық тұжырымдарының тәрбиелік мәні зор. Сондықтан оның мұрасын оқушыларға жақын таныстыру мақсатында арнайы кабинет ашуды жөн көрдік. Мұнда ғұламаның еңбектері мен кітаптары жинақталған. Бөлменің ішкі безендірілуі жаңартылып, жаңа жиһаздар, жарық шамдар мен перделер орнатылды, – деді мектеп директоры.
Білім ордасындағы жаңа кеңістікте ақынның туындылары қойылған сөре, танымдық ақпараттық стенд және арнайы безендірілген терезе жапқыштар бар. Мектеп басшысының мәліметінше, бұл – аудан мектептері арасында Мәшһүр Жүсіпке арналған алғашқы арнайы кабинет. Жалпы оқу орнында 51 сынып бөлмесі жұмыс істейді.

Салтанатты шараға қатысқан филология ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері, Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығының аға ғылыми қызметкері Айтмұхамед Тұрышев бұл бастаманың тарихи әрі ғылыми маңызына тоқталды. Оның пікірінше, ендігі кезекте ғұламаның рухани қазынасын зерттеу жұмыстары жаңа белеске көтерілуі тиіс.
– Біз ұзақ уақыт бойы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлын әлемдік деңгейдегі ұлы ғұлама деп айтып келдік. Енді оның мұрасы халықаралық деңгейде мойындалды. Бұл – бабамыздың шығармаларын кеңінен насихаттауға берілген үлкен мүмкіндік. Бүгінде қолжазбалары жинақталып, жиырма томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Ендігі міндет – осы қазынаны кітапхана сөрелерінде қалдырмай, терең зерделеу, ғылыми еңбектер мен диссертациялар жазу. Мәшһүртануды жеке ғылыми бағыт ретінде дамытуымыз қажет, – деді профессор.
Ғалымның сөзінше, ақын еңбектеріне шетелдік зерттеушілердің де қызығушылығы артып келеді. Атап айтқанда, Түркиядағы Памуккале университетімен ғылыми байланыс орнатылып, халықаралық конференциялар аясында мамандар онлайн форматта пікір алмасуда. Сондай-ақ Сұлтанмахмұт Торайғыров университетінде Мәшһүртану ғылыми орталығы қызмет етеді.

Павлодар ауданының білім беру бөлімінің басшысы Жеміс Дүйсекенова да бұл бастаманың жасөспірімдердің рухани тәрбиесіне қосар үлесі зор екенін атап өтті.
– Бұл жай ғана оқу кабинеті емес. Жас ұрпақтың адамгершілік қасиетін қалыптастырып, ұлттық тарих пен құндылықтарды дәріптейтін маңызды орынға айналады деп сенеміз. Осындай игі бастаманы қолға алған мектеп басшылығы мен ұстаздарға алғыс айтамын, – деді ол.
Ал Павлодар қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман ғұламаның шығармашылық қазынасын өскелең ұрпақ арасында кеңінен таныту қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, Мәшһүр Жүсіптің еңбектері әлі де жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Осы мақсатта білім беру ұйымдарында осындай танымдық орындар ашып, оқушылар арасында шығармашылық байқаулар мен ізденіс жұмыстарын ұйымдастырудың маңызы зор.

Айта кетейік, игі іске Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұрпақтары да атсалысты. Ашылу рәсіміне ғұламаның шөбересі Абай Шәріп Төлебайұлы қатысты. Сонымен қатар, алдағы уақытта мектеп қабырғасында Мәшһүр Жүсіп оқуларын өткізу жоспарланып отыр.
Жаңа кабинет шәкірттердің көрнекті тұлғаның өмір жолы мен еңбектерін тереңірек танып, рухани мұрасын зерттеуіне жол ашатын маңызды танымдық орталық болмақ.
Айта кетейік, 2006 жылы ашылған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мемориалдық кешені бүгінде Баянауыл өңірінің маңызды рухани-мәдени нысандарының бірі саналады.