Павлодар мектептерінде оқушылардың сыртқы келбетіне қандай талап қойылады?

Павлодар мектептерінде оқушылардың сыртқы келбетіне қандай талап қойылады?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазір әлеуметтік желілерде мектеп оқушыларының шаш үлгісі мен сыртқы келбетіне қойылатын талаптарға қатысты түрлі ақпарат тарауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осыған байланысты Павлодар облысы білім беру басқармасы түсініктеме берді. Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың шашының бұйра немесе түзу болуына қатысты ешқандай талап енгізбеген. 

– Шаш үлгісіне қатысты нақты талап жоқ. Ең бастысы – баланың шашы ұқыпты болуы керек. Бұйра шашқа, ұзын шашқа немесе басқа да шаш үлгісіне тыйым салынбаған. Әлеуметтік желілерде тараған суреттердің министрлікке қатысы жоқ. Оларды республикадағы мектептердің бірінде педагогтер әзірлеген, – деп түсіндірді басқармада.

Оқушылардың сыртқы келбеті мектептің ішкі тәртіп ережелерімен және министрлік бекіткен талаптармен реттеледі. Мектеп формасы да белгіленген талаптарға сәйкес болуы қажет. Павлодар облысында негізгі түс ретінде қою көк және қара түстер таңдалған. Сонымен қатар, классикалық стильдегі киім киюге рұқсат етіледі.

Ұл балалардың шашын ұзын өсіруіне де тыйым жоқ. Мұнда негізгі талап – шаштың таза әрі ұқыпты болуы.

Ал әшекей бұйымдарына қатысты да нақты тыйым қарастырылмаған. Дегенмен сақина, білезік секілді бұйымдар оқу кезінде балаға кедергі келтірмеуі тиіс. Сондықтан мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі оларды тақпауға кеңес бере алады. Бірақ бұл – міндетті талап емес, ұсыныс.

Мектеп формасына қатысты сұрақ туындаған жағдайда ата-аналар алдымен білім беру ұйымының әкімшілігіне жүгіне алады. Егер мәселе бойынша нақты түсініктеме берілмесе, ата-аналар аудандық немесе қалалық білім бөліміне, сондай-ақ облыстық білім басқармасына хабарласуға құқылы.

Ал мектеп формасына қойылатын талаптарды жүйелі түрде бұзған жағдайда ата-аналарға қатысты шара қолданылуы мүмкін. Мысалы, оқушы сабаққа үнемі спорттық киіммен немесе белгіленген талапқа сай келмейтін түрлі түсті киіммен келсе, алдымен ата-анамен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ата-анаға ескерту жасалып, мектеп әкімшілігімен әңгімелесу ұйымдастырылады. Талаптар жүйелі түрде орындалмаған жағдайда ғана қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қарастырылуы мүмкін.

Еске сала кетейік, қазіргі таңда өңірде 844 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 362 орта білім беру ұйымы, 388 мектепке дейінгі ұйым, 42 колледж және 38 қосымша білім беру ұйымы бар.

Бүгінде облыс мектептерінде жалпы 116 мың оқушы білім алуда. Ал жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 10 640 бала қабылданды. Олардың 52 пайызы қазақ тілінде білім алуды таңдаған.