Павлодарлық оқушының TabAI стартапы Google грантын жеңіп алды
Жоба халықаралық деңгейде мойындалып, Кремний алқабындағы бағдарламаға жолдама алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының 11-сынып оқушысы Игорь Мартынюк YC Startup School білім беру бағдарламасына толық грант иеленген Орталық Азиядағы алғашқы оқушы атанды. Бұл бағдарламаны әлемдегі жетекші стартап акселераторлардың бірі Y Combinator ұйымдастырады.
– Оқушы өз бетінше әзірлеген TabAI стартапы – жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін көмекші. Жүйе пайдаланушының цифрлық белсенділігін талдап, тапсырмаларды жүйелеуге және жұмыс үдерістерін тиімді басқаруға көмектеседі. Жобаның басты мақсаты – ақпараттық жүктемені азайту. Қазіргі таңда TabAI платформасын әлем бойынша шамамен 20 мың адам қолданады, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз орталығы.
Жоба халықаралық сарапшылардың назарын аударып, 35 мың доллар көлемінде инвестиция және Google компаниясынан инфрақұрылымды дамытуға арналған грант иеленді. Сонымен қатар жас шектеулеріне қарамастан, Y Combinator командасы Игорьді арнайы шақырып, Кремний алқабындағы YC Startup School бағдарламасына қатысу шығындарын толық өтеді. Оның ішінде жол ақысы, тұру және оқу шығындары бар.
Сондай-ақ Игорь Мартынюк жасанды интеллект саласында қарқынды дамып келе жатқан Cursor компаниясының ресми амбассадоры атанды. Бұл рөлде ол Қазақстан мен Орталық Азияда әзірлеушілер қауымдастығын дамытуға атсалысып, хакатондар, митаптар және білім беру іс-шараларын ұйымдастырады.
Жас стартапер алдағы уақытта жобаны дамытуды жалғастырып, халықаралық бағдарламаларға қатысуды және Y Combinator негізгі іріктеуіне өтінім беруді жоспарлап отыр.