Павлодарда студенттер жемқорлықпен күрес жайлы пікір алмасты

Павлодарда студенттер жемқорлықпен күрес жайлы пікір алмасты
Фото: Константин Шелков

Дебатқа облыс колледждерінен 28 фракция мен 56 қатысушы жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Білім беру бөлімінің мәліметінше, Ертіс жоғары инновациялық аграрлық колледжінде «VIAK CUP IV» облыстық дебаттық турнирі өтті. «Медальдың екі жағы» тақырыбымен ұйымдастырылған бұл ауқымды іс-шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Аталмыш жарыс жастардың шешендік өнерін, дәлелді пікірталас жүргізу дағдыларын дамыту және сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңыздылығын түсіндіреді.

Пікірталас британдық парламенттік дебат форматында өтті. Қатысушылар сыбайлас жемқорлық тақырыбындағы өзекті мәселелерді талқылап, шешу жолдарын ұсынды және әртүрлі көзқарастарды қарастырды, – дейді білім беру бөлімінде.

Сондай-ақ, тәжірибелі дебатшылардан құралған төрешілер алқасы төрелік етті. Бас төреші Мирас Ерсінов «Үздік төреші» атағына ие болды.

28 фракцияның ішінде жоғары дайындық деңгейін көрсеткен командалар ерекше көзге түсті. Үш іріктеу раундының қорытындысы бойынша ең үздік спикер ретінде Айсана Дарибаева (ЖИКК) танылды. Оның орташа балы – 72,5. Турнирдің үздік спичін Әлімхан Айтқұл Әлімхан (ЖИКК) ұсынды. Ал «Рик пен Морти» фракциясы (Шәкәрім Нағманов және Ілияс Шайх, «Ертіс» ЖИАК) жартылай финалға шықпаған ең үздік фракция ретінде танылды.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орын Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінің «Истина» командасына бұйырды. Екінші орынға «СоветскийколбаслевоеуховангогаИпулятрампа» командасы (ақпараттық технологиялар колледжі), үшінші орынға «DocMed 2» командасы (Павлодар медициналық жоғары колледжі) ие болды. «Оляндр» командасы кубок және «Финалист» номинациясын иеленді.

Ал «Ержүрек гладиатор» атағы ақпараттық технологиялар және бизнес колледжінің студенті Владислав Ермоченкоға берілді.