Павлодар облысы азық-түлік бағалары ең төмен бес өңірге кіреді
Оған сегіз позициядағы тауар жатады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Биыл агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 80 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді, оның басым бөлігі 46,6 миллиард теңге жеңілдетілген несиелендіруге, 33,7 миллиард теңгесі субсидиялауға бағытталған. Өңірдің 1500 фермері қолдауға ие болды. Сондай-ақ, өңірдің ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар көлемі 226 миллиард теңгеге жетіп, облыс республикалық деңгейде бірінші орынға ие болды.
– Ауылшаруашылық шикізатын өңдеу және жергілікті кәсіпорындардың өнімдерімен нарықты толтыру үшін облыста 108 дайындау пункті мен 251 өңдеу объектісі жұмыс істейді. Облысымыз дәстүрлі түрде өзге өңірлерден әкелетін өнімдерден басқасы – күріш, қант, тұздан бөлек, негізгі азық-түлік өнімдерімен толықтай қамтамасыз етілген. Жергілікті өндіріс есебінен 12 өнім түрі бойынша қамтамасыз ету 100 пайыздан асады, – деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева.
Оның сөзінше, сақтандыру қорында 12 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бойынша 11,5 тонна тауар бар. Тұрақтандыру қорының өнімдері 208 сауда орны арқылы ең көбі 10% үстемемен сатылады. Бағаларды одан әрі тұрақтандыру үшін маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілермен 10 мың тонна картоп пен үш мың тонна сәбіз тапсыруға меморандумдар жасалды.
– Дүкендердің, тұрақтандыру қорының серіктестерінің сауда орындары сөрелерінде картоптың бір келісі 120 теңгеден және сәбіздің бір келісі 95 теңгеден аспайды. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде картоптың бағасы 110 теңгені, ал сәбіздің бағасы 80 теңгені құрайды, – деді Әйгерім Қабылтаева.
Алайда кейбір өнімдер бойынша бағаның өсімі байқалады.
– Шын мәнінде күнбағыс майы, бірінші санаттағы жұмыртқа бүгінгі күнге дейін бағасы тұрақты, бірақ жыл басынан бері өсім 2,5 пайыздан асты. Тұрақтандыру қорында төрт миллион данадан астам жұмыртқа бар. ӘКК Шарбақты құспен қосымша бір миллион данаға меморандум жасасты, – деп атап өтті Әйгерім Қабылтаева.
Оның сөзінше, облыс бірінші сорттағы ұн, күріш, қарақұмық жармасы, 2,5% сүт, картоп, сәбіз, сарымсақ, қырыққабат тауарлары бойынша бағалары ең төмен бес өңірдің қатарына кіреді.