Павлодар архивінде ғасырлық тарихы бар құжаттар қалай сақталады?
Архив қорында 1866 жылдан бастау алатын тарихи құжаттар бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық мемлекеттік архивінде жүз жылдан астам уақыт бұрын жасалған тарихи құжаттар мен карталар сақтаулы. Олардың кейбірі уақыт өте келе ескіріп, қағазы жұқарып, парақтары бір-біріне жабысып қалған. Сондықтан мұндай материалдарды цифрлық форматқа көшіру алдында арнайы реставрациядан өткізу қажет. Архив мамандары әр құжаттың түпнұсқасын бүлдірмей сақтауға ерекше мән береді.
Архив – жай ғана ескі құжаттар сақталатын орын емес. Мұнда өңірдің өткені мен бүгінін байланыстыратын тарихи деректер жинақталған. Мемлекеттік мекемелердің құжаттары, бұрынғы кәсіпорындардың материалдары, тарихи карталар мен жеке қорлар – барлығы да зерттеушілер үшін маңызды ақпарат көзі.
– Құжаттардың басым бөлігі ондаған жыл бойы сақталғандықтан, олардың физикалық жағдайы әртүрлі. Кейбірінің шеттері үгітіліп, парақтары бүктеліп немесе бір-біріне жабысып қалған. Осындай материалдарды бірден сканерлеу мүмкін емес. Алдымен мамандар құжаттарды мұқият ашып, қажет болған жағдайда реставраторға береді. Тек содан кейін ғана цифрландыру жұмыстары басталады, – дейді облыстық мемлекеттік архив басшысы Бақыт Смаков.
Оның айтуынша, бір істі толық сканерлеуге кейде бір сағатқа жуық уақыт кетуі мүмкін. Себебі құжаттардың форматы мен қағазы әртүрлі. Оларды арнайы құрылғыға бірден салып жіберу түпнұсқаның бүлінуіне әкелуі ықтимал.

Бұл ретте архивте екі түрлі сканер қолданылады. Ағынды сканер құжаттарды топтап, автоматты түрде өңдеуге мүмкіндік береді. Ал планетарлық сканер ескі, тігілген немесе парақтарын ажыратуға болмайтын материалдарға арналған. Оның көмегімен құжатты тігілген қалпында ашып, әр бетін суретке түсіруге болады. Осылайша қағаздың бастапқы құрылымы мен тұтастығы сақталады.
Жалпы, архивке осы бағыттағы жұмыстар үшін сегіз сканер алынған. Құрылғылардың әрқайсысы құжаттардың ерекшелігіне қарай пайдаланылады.
Архивист Ольга Бурмистрова бұл салада 31 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, архивтегі әрбір құжаттың өзіндік тарихы бар. Әсіресе ерекше құнды материалдарды сақтау мен қалпына келтіру үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Архив қорында сақталған құнды материалдардың бірі – 1877 жылғы 7 мамырда жасалған Семей облысы, Павлодар уезінің жобалық жоспары. Құжатқа 1911 жылы өзгерістер енгізілген. Ғасырдан астам уақыт өтсе де, тарихи картаның негізгі бөлігі жақсы сақталған. Мамандар мұндай жәдігерлерді мезгіл-мезгіл реставрациядан өткізіп, келер ұрпаққа бастапқы қалпына барынша жақын күйде жеткізуге тырысады.
– Архивте тарихи карталардан бөлек, бұрынғы уездер мен округтерге, мемлекеттік мекемелерге, кәсіпорындар мен ұйымдарға қатысты құжаттар да сақталған. Олардың қатарында қазіргі таңда жұмысын тоқтатқан мекемелердің материалдары да бар. Мұндай деректер өткен кезеңдегі әкімшілік құрылымды, өңірдің даму тарихын және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді зерттеуге мүмкіндік береді, – дейді Ольга Бурмистрова.
Құжаттарды сақтау жұмыстары тек қағаздың бүтіндігін қамтамасыз етумен шектелмейді. Архив қоймаларында өрт қауіпсіздігіне арналған арнайы газбен сөндіру жүйесі орнатылған. Түтін пайда болған жағдайда датчиктер белгі беріп, жүйе автоматты түрде іске қосылады. Бұл архив қорын төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған.
Айта кетейік, 2025 жылы Павлодар облыстық мемлекеттік архивінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, облыстық бюджеттен 500 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Жұмыс барысында ғимараттың ішкі және сыртқы бөлігі жаңартылып, инженерлік және қауіпсіздік жүйелері ауыстырылды.