Павлодарлық жас сарбаздар ішкі істер органдарының ардагерінен тәжірибе алды

Павлодарлық жас сарбаздар ішкі істер органдарының ардагерінен тәжірибе алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар облысының арнайы жедел әрекет ету жасағында жас қызметкерлер мен ішкі істер органдарының ардагері, отставкадағы полиция подполковнигі Станислав Паутовтың кездесуі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шара жас жауынгерлердің кәсіби рухын нығайтуға, патриоттық тәрбие беруге және бөлімшенің қызметтік дәстүрлерін сақтауға бағытталған.

Еркін форматта өткен кездесуде ардагер өзінің кәсіби жолы, күрделі операцияларға қатысу тәжірибесі және ерекше сабырлықты, батылдық пен жауапкершілікті талап ететін қызметтік жағдайлар туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, ол қызметтік міндеттерді табысты орындау тек дене дайындығына ғана емес, қызметкерлердің моральдық-психологиялық төзімділігіне де байланысты екенін атап өтті.

– Арнайы бөлімшенің басты құндылығы – бауырластық пен өзара көмек. Өйткені көп жағдайда операцияның сәтті өтуі мен әр қызметкердің қауіпсіздігі жанындағы әріптесінің сенімділігіне байланысты. Темірдей тәртіп, төзімділік және қиын сәтте сабыр сақтай білу қажет. Мұның маңызы жоғары дене дайындығынан кем емес, – деді Станислав Паутов.

Кездесу барысында ардагер Отан алдындағы антқа адалдық пен ішкі істер органдары қызметкерлерінің алдыңғы буыны қалыптастырған дәстүрлерді сақтауға ерекше тоқталды.

Өз кезегінде жас жауынгерлер ардагерге кәсіби қызметіне қатысты сұрақтарын қойып, қызмет ерекшеліктері туралы мағлұмат алып, тәжірибелік кеңестер тыңдады.