Павлодар облысында әйелдер емханаға жазылусыз қарала алады
Ашық есік күні Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларындағы барлық емханада өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 17 қазанда «Қызғылт қазан» айлығы аясында әйелдер денсаулығына арналған Ашық есік күні ұйымдастырылады.
Іс-шара сүт безі қатерлі ісігі туралы хабардарлықты арттыруға және жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алуға бағытталған. Оған 18 жастан асқан барлық әйел қатыса алады.
Ашық есік күні сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін жалғасады. Әйелдер өздері тіркелген емханаға жүгіне алады.
Қабылдауға алдын ала жазылудың қажеті жоқ. Өзімен бірге жеке куәлігі болуы тиіс.