Павлодар облысында тұрғындар арасында катаракта көз ауруы көбейді
Көз жарақаты пункті облыс тұрғындарына шұғыл көмектің толық көлемін көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Қасымхан Тілеубаев мәлім етті.
– Офтальмологиялық орталықтың бірінші қабатында тәулік бойы көз жарақаты пункті, шағын операциялық, қабылдау бөлмесі, тіркеу бөлімі, консультативтік-диагностикалық бөлімше орналасқан, – деді жоғары санатты дәрігер-офтальмолог. – Ол жерге көздеріне желмен түсіп кеткен нәрселерге, бөгде заттың түсіп қалуына байланысты көп жүгінеді. Сондай-ақ, өндірістік кәсіпорындарда жарақат алған, күйік әсерінен зақымданған көздің қарашығын қарайды.
Оның сөзінше, осындай түрлі жарақатпен келетін науқастардың саны өте көп.
– Бір күнде офтальмолог дәрігер 16 адамды қабылдау керек, алайда шын мәнінде 40 науқасқа дейін қабылдап жатады, – деп атап өтті Қасымхан Тілеубаев. – Бұрындары науқастың орта жасы 70-тегі қарт азаматтар болса, бүгінде 40-50 шамасындағы адамдар. Тіпті, жастайынан көру қабілетінен айырылған жас тұрғындар да жиі келіп тұрады.
Офтальмологтың айтуынша, ең көп қойылатын диагноздардың бірі – катаракта.
– Павлодар облысында жыл сайын жасанды көзбұршақпен алмастыра отырып, катарактаны жою бойынша 2800-3000 операция жүзеге асырылады, – деді ол.
Ал шағын операция бөлмесінде көру органының патологиясы бар пациенттерге шұғыл және жоспарлы микрохирургиялық операциялық араласулардың толық көлемі жүргізіледі: көру органының бағынышты аппаратындағы операциялардың барлық түрлері, оптикалық-реконструктивті операциялар, окулопластика, амбулаториялық араласудың барлық түрлері, жараларды қайта қарау, жараны алғашқы хирургиялық емдеу және тағы басқа. Офтальмологиялық орталықтың операциялық бөлмелері «Infiniti», «Stellaris», «Constellation» сияқты заманауи микрохирургиялық жүйелермен жабдықталған.