Павлодар облысында өгей әке қызын бірнеше мәрте зорлағаны үшін сотталды

Павлодар облысында өгей әке қызын бірнеше мәрте зорлағаны үшін сотталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Айыпталушы кінәсін толығымен мойындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмағанның дәрменсіз жағдайын пайдалана отырып, жыныстық сипаттағы әрекеттерді бірнеше рет жасау фактісі бойынша ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК 121-б. 3-б. 1-т.), 121-б. 3-1б.-1т). 

Істің мән-жайлары заңға сәйкес жарияланбағандықтан, іс жабық сот отырысында қаралды.

Сотталушының кінәсі оның мойындау айғақтарымен, жәбірленушінің және оның заңды өкілінің, куәгердің айғақтарымен, іс бойынша жүргізілген сараптамалармен және сотта зерттелген басқа да айғақтармен дәлелденді.

Прокурор айыпталушыны 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші тарап мемлекеттік айыптаушыны толық қолдады. Айыпталушы екі бапта көрсетілген қылмыстарды толығымен мойындады. 

Ер адамның жасаған әрекеті аса ауыр қылмыс болып табылады және оны жасағаны үшін заңда 15 жылдан 17 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Сот оның бұрын сотталмағанын, кінәсін толық мойындағанын және жас баласы бар екенін, сондай-ақ, жәбірленуші тараптың пікірін ескере отырып, айыпталушыға түзету және жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін оған ең аз мерзім тағайындау жеткілікті деген қорытындыға келді. 

Осыған байланысты ер адамды 15 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сондай-ақ, ол өмір бойы кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты педагогикалық лауазымдарды атқару құқығынан айырылады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.