Павлодарда терроризм актісі туралы жалған хабарлама берген күдікті анықталды
Ол - 14 жастағы оқушы болып шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Polisia.kz мәлімдеуінше, Павлодар облысы бойынша полиция департаменті мен ҰҚКД бірлескен іс-шаралар барысында білім беру ұйымдарына "бомба қойылды" деп жалған хабарламалар таратқан күдікті ұсталды. Ол кәмелет жасына толмаған Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде оқитын 14 жастағы оқушы болып шықты.
– Оқушы 2023 жылдың ақпан-сәуір айлары аралығында жаңа телефон нөмірлері арқылы жалған аккаунттар құрғаны анықталды. Сол арқылы терроризм актісі туралы жалған хабарламаларды білім беру объектілерінің электрондық поштасына жолдап отырған. Содан кейін аккаунттарды жойып отырған. Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деді Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
Полицейлер терроризм актісі туралы жалған хабарлама таратқаны үшін Қазақстан Республикасы ҚК-нің 273-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделгенін және 5000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына және 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, немесе сол мерзімге сотталатынын еске салады.