Павлодарда жол апатынан екі жолаушы қаза тапты

Павлодарда жол апатынан екі жолаушы қаза тапты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қайғылы оқиға Павлодар-Астана автожолының 12 шақырымында орын алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 қазан күні сағат 17.00-де Атамекен кентінен екі шақырымда «Honda Еlysion» маркалы автокөліктің жүргізушісі көлікті басқара алмай, жолдың жиегіне  аударылған. 

– Жол апаты салдарынан екі жолаушы алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Жүргізуші мен оның екі жас баласы әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды, – деді департаментте. 

Аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.  

Облыстық жедел жәрдем станциясында хабарлама сағат 16:50-де түскенін хабарлады. Бригада оқиға орнына алты минутта жеткен. 

–  Өкінішке орай, жедел жәрдем келгенге дейін екі адам көз жұмды: 1960 және 1990 жылы туған ер адамдар, – деді станцияда. 

Үш адам ауруханаға жатқызылған: 33 жастағы ер адам – Павлодар қалалық № 1 ауруханаға, ал алты айлық қыз бен алты жасар ұл облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.