Павлодар облысында 100-ден астам отбасыға терезеге бекіткіштер алынды

Павлодар облысында 100-ден астам отбасыға терезеге бекіткіштер алынды
Фото: Павлодар облыстық білім беру басқармасы

М.М. Катаев атындағы оқушылар сарайында «Бәріміз қауіпсіздік үшін!» диалог алаңы өтті, деп хабарлайды  Рavlodarnews.kz. 

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, кездесуге Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары әкімдерінің орынбасарлары, депутаттар, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ата-аналар мен бей-жай қарамайтын азаматтар қатысты. 

Білім беру ұйымдарының қызметкерлерімен терезелерге байланысты қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша жұмыс ұйымдастырылды, ата-аналар жиналыстары, тікелей эфирлер өткізіледі. Биылғы жылы 104 отбасы жеңілдетілген бағамен терезеге бекіткіштер алды, 28 отбасына шектеулер орнатуға сыйлық сертификаттары берілді.

– Облыста соңғы үш жылда терезеден 30 бала құлап, олардың жетеуі қайтыс болды. Терезеден құлау жағдайларының  басым бөлігі ата-аналар балаларды қараусыз қалдырған кезде орын алады. Өкінішке орай, ата-аналар терезенің ашық қалуы баланың өмірі үшін  қауіпті екенін ұмытады. Біз балалардың терезеден құлауына байланысты жазатайым оқиғаларды алдын ала анықтау бойынша жоспарлы жұмыс жүргіземіз. Бүгінгі таңда мектеп жасына дейінгі балалардың 75% терезеден қорғаныс орнатылған. Бұл 13 126 бала, – деді білім басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанова.

Бұдан бөлек, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, облыстық және қалалық БАҚ-та, сайттар мен әлеуметтік желілерде анонстар, мақалалар орналастырылуда, парақшалар таратылуда.

Диалог алаңы аясында денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева, ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибегүл Қамзина, Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Наталья Покидова, білім беру ұйымдарының басшылары, дәрігерлер мен ата-аналар қауымы сөз сөйледі.

Іс-шара тікелей эфирде телекөпір форматында ұйымдастырылды, талқылауға барлық тілек білдірушілер қатыса алды.