Павлодар облысында қандастар мен қоныс аударушыларға қандай жәрдем көрсетілуде?

Көшпелі отырыстарда олардың мәселелері тыңдалып, шешімдері ұсынылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалының фронт-кеңсе қызметкерлеріне әр адаммен дербес жұмыс істеу жүктелген. Қандастар фронт кеңсеге қабылдауға келуімен қатар Call орталығының байланыс телефондарына, әлеуметтік желідегі парақшаларға хабарласып, өздерінің кездескен мәселесін айтып, кеңес алады.
– Облысқа көшіп келген қандастардың жаңа ортаға бейімделіп кетуіне облыс, қала, аудан әкімшіліктері тарапынан үнемі қолдау көрсетілуде. Офлайн режимінде күнделікті жеке жұмыс арқылы ақпараттық-түсіндіру, консультациялық-әдістемелік жұмыс жүргізе отырып, қоғамдық қабылдау жұмысы тұрақты ұйымдастырылды. 20 мамырдағы жағдай бойынша осы іс-шара аясында 220 адам фронт кеңсеге тікелей келіп, 380-ге жуық адам онлайн хабарласты. Оларға әр түрлі бағыт бойынша ақыл-кеңес беріліп, барлығы 600 адамға көмек көрсетілді, – деп атап өтті қандастарды өңірлік квотаға енгізу облыстық комиссиясының мүшесі Болат Заут.
Кеңсе қандастардың мәселелерін жергілікті мемлекеттік мекемелермен бірлесіп шешу бойынша нақты қолдау көрсету, ақпараттық-консультациялық көмек көрсету, құжаттарын ресімдеу барысында облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму, білім беру, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы, «Павлодар облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығы» оның қалалық аудандық мансап орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Облыс әкімдігінің арнайы бекіткен кестесі бойынша шетелден және Оңтүстік облыстардан өңірге көшіп келгендерге жаңа ортаға бейімдеу бағытында ақпарат беру мақсатында 3 қала, 10 ауданның 30-ға жуық ауылдарына барып қоғамдық қабылдау өткізу, дөңгелек үстел жұмысын ұйымдастыру жоспарланған болатын. Өткен аптада кеңес мүшелері Екібастұз қаласы, Солнечный, Бәйет, Атығай ауылдарына барып 90 қандас қамтылған кездесулер мен қоғамдық қабылдау жұмысын ұйымдастырды.
Айта кетейік, 2025 жылғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен Павлодар облысына көшіп келетін қандастарға 1056 квота бекітілсе, ал Оңтүстік өңірлердің қоныс аударушыларына 3050 адамға квота бөлінген.
18 мамырдағы жағдай бойынша өңірге көшіп келген қандас мәртебесін алған қандастарды қабылдаудың өңірлік квотаға енгізу облыстық комиссиясының шешімімен 78 отбасының 350 адамы, оның ішінде жалғыз басты 39 қандас өңірлік квотаға кірген болатын.
Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше келген, «Қандас» мәртебесін алған этникалық қазақтар онлайн түрде https://migration.enbek.kz сайты, «Enbek Migration» мобильдік қосымшасы арқылы немесе Мансап орталығына, тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы өтініш береді.