Екібастұзда коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс режиміне дайындалуда
Биыл көктайғаққа қарсы 3300 тонна материал дайындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұзда қыс маусымында қала жолдарын және орамішілік аумақтарды күтіп-ұстауға дайындық қарқынды жүріп жатыр. Коммуналдық қызметтерде жалпы үш ұйым жұмыс істейді. Әртүрлі модификациядағы 120-ға жуық техника бар, көктайғаққа қарсы 3300 тонна материал дайындалды. Бұл туралы қала әкімі Аян Бейсекин өзінің «Instagram» парақшасында баяндады.
– Коммуналдық қызметтердің қыс маусымында қала жолдарын және орамішілік аумақтарды күтіп-ұстауға дайындығын тексердім. Өткен жылы сәуір айында бір тәулік ішінде бұрын-соңды болмаған, бір жарым айлық жауын жауды. Сол кезде қаланы жедел тазалауға қатысты ескертулер болды. Мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу қажет, – деп жазды Аян Бейсекин.
Ол көшелерді таза ұстау және автомобильдер мен жаяу жүргіншілер үшін кедергісіз қозғалысқа жағдай жасау басты міндет екенін атап өтті. Сондықтан коммуналдық қызметтер тәулік бойғы режимде жұмыс істейді.
Сонымен қатар, Аян Бейсекин қар қалың жауған жағдайда қардың ауқымды көлемін тез арада шығару қажет болатынын ескертіп, мердігер ұйымдарға самосвалдардың қосымша бірліктерін тарту үшін ниет шарттарын жасасуды тапсырды.