Павлодар облысында 16 жастағы оқушыларды жаз кезінде жұмыспен толық қамту жоспарлануда
Депутаттар мен жастар жөніндегі комиссия бұл бағытта көмек ететін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Достық үйінде» облыстық және қалалық депутаттар, кәсіпкерлер қауымдастығы, «Жастар рухы» жастар қанатының, «Жасыл ел» штабының, Жастар бастамаларын дамыту орталығының және ҚХА-ның өкілдері жастарды жұмысқа орналастыру мәселелерін талқылады. Облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Владимир Берковский өңірде мектеп оқушыларын жазда уақытша жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс тобын құрастыру туралы айтты.
– Балалар жұмыс істегісі келеді. Президент өз сөздерінде жастарды еңбекке неғұрлым ертерек жұмылдырсақ, болашақта соғұрлым жақсы болады деп айтқан болатын. Еңбек заңнамасында 14 жастан бастап балалар жұмыс істей алады деп жазылған. Әрине, жұмыс түрлері бойынша шектелуер бар екенін ұмытпау керек. Бізде 16-18 жастағы 15 мыңға жуық бала бар. Оларды толығымен жаз кезінде жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз,– деді ол.
Оның сөзінше, балаларды жұмысқа орналастыру бойынша депутаттардың көмегі орасан зор болады.
– Мысалға, трамвай басқармасымен оқушылар трамвайда контроллер болып істесін деген ауызша келісімге келіп қойдық. Басында тәжірибелі мамандардың қасында жүріп, үйренеді, ал кейіннен өздері машықтанып, жұмыс істей береді. Таңертең бір бала, түстен кейін басқа бала кезек-кезек ауысса үлкен контингентті қамтитын боламыз. Осылайша үш ай ішінде 60 адам бұл жұмыс туралы білімін кеңейтеді,– деді ол.
Бүгінде үш мыңға жуық жұмыс орын құрылды. Оқушылар үшін минималды жалақы – 85 мың теңгеден басталады. Облыстық білім беру басқармасына бұл бос орындар тізімі жіберіліп, одан әрі қала мен аудандық бөлімдер мектептерге балалар оларды таңдау үшін жолдайды.
– Әр депутат 30 жұмыс орынды тауып берсе үрдіс жеңілдеп қалады. Олар өз кезегінде кәсіпкерлермен келісіп, жұмыс жағдайы туралы біліп беру керек. Жұмысқа орналасатын әр оқушы жұмысшымен міндетті түрде еңбек шартын жасасу тиіс. Егер бір кәсіпкер жалақыны аз төлеп, не болмаса мүлдем төлемесе онда мәселе сот тәртібінде шешіледі,– деп атап өтті спикер.
Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченконың айтуынша, мәслихат тарапынан барлық қажетті қолдау беріледі.
– Осы ұсынылып жатқан жағдаймен бала болашақта қайда жұмысқа орналасатынын шешіп, білсе – бұл, қойылып жатқан міндеттің толықтай орындалғанын растайды. Жазғы кезеңде балалардың өзін-өзі жұмыспен қамтуы, еңбекке тәрбиеленуі басталады. Олар бос уақыттарын пайдамен өткізсін деген ниетпен осындай бастаманы енгізіп отырмыз,– деді ол.
Бұл сұрақ алдағы облыстық мәслихат сессиясында қаралып, нақты жоба ретінде қабылданады.
Фото: Есенжол Исабек