Астаналық дизайнер Павлодарға деген сағынышын кофе стақандары арқылы жеткізді

Астаналық дизайнер Павлодарға деген сағынышын кофе стақандары арқылы жеткізді
Фото: Назгүл Қаратаева

Визуал тұрғындардың көңіл күйін, сүйікті орындарын бейнелейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жобаның авторы креативті дизайнер Назгүл Қаратаева. Ол Павлодарда туып-өспесе де, Ертістің бойындағы қалаға арналған дизайн жасауға шабыт тапты.

Назгүл Павлодардағы көркемсурет колледжінде оқып, бірнеше жыл шаһарда тұрған.

Павлодарда үш жылдай білім алдым. Қаланы жақсы білемін және ол туралы тек жылы естеліктер сақтадым. Стақан дизайнын жасағанда маған таныс әрі сүйікті орындарға орталық жағалау, сағат, қаланың айшықты көріністеріне сүйендім. Бір бөлігі естеліктерге негізделсе, бір бөлігінде интернеттен материалдар іздеп, ұмытылмас атмосфераны дәл жеткізуге тырыстым, дейді дизайнер.

Назгүл Қаратаева кофе стақандарының дизайына арқылы жанына жақын орындарды көрсеткісі келді. Әсіресе, Г. Н. Потанин атындағы облыстық тарихиөлкетану музейі мен Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде болған сәттерден шабыт алған. Оның айтуынша, бұл орындар қайталанбас атмосферасы және мәдени құндылығымен ерекше.

Біз стақандарды қаланың көрікті жерлеріне сүйене отырып жасадық, себебі Павлодардың мінезі мен көңіл күйін жеткізгіміз келді. Қала өмір ырғағы, адамдар мен оқиғалардан құралған. Оның танымал орындары дизайнды жылы әрі «тірі» етеді. Мұндай визуал бірден әсер қалдырады, деп бөлісті дизайнер.

Назгүл Павлодардың танымал орындары әдемі визуалды бейнелерге лайық деп санайды. Оның айтуынша, қала мәдени болмысымен шығармашылық адамдарды тартатын ооынға айналуға әбден лайық.

Кофе орындарына дизайн идеясын Назгүл өз бастамасымен ұсынған. Табыс табу үшін емес, студенттік жылдарын өткізген сүйікті қаласына деген сағынышын жеткізуді көздеді.