Павлодар облысында «Алтын белгіге» үміткерлер саны қанша?

Павлодар облысында «Алтын белгіге» үміткерлер саны қанша?
Фото: Константин Шелков

Биыл өңірде оқу жылын 116 мың оқушы аяқтағалы отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, аймақта 360 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. 

Жалпы,  тоғызыншы сыныпты барлығы 10 778 оқушы бітірсе, 4322 түлек мектеп қабырғасынан түлеп ұшады. «Алтын белгіге»  – 161,   ерекше үлгідегі аттестатқа 245 оқушы үміткер. 

– Орта білім беру ұйымдарындағы оқу процесі 25 мамырда аяқталады, – деді басқармада. – Сол күні «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттарын өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, мектеп түлектеріне арналған салтанатты іс-шара 25 мамырда өтеді.

Бұдан бөлек, 27-31 мамыр аралығында 5-8 және 10-сыныптардың 54 мың оқушысы қазақ тілінен алғаш рет емтихан тапсырады.

Сондай-ақ, білім сапасын арттыру және оқушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында 27-31 мамырда әр мектепте жазғы мектеп ұйымдастырылады. 

– Жазғы мектеп сабақтарына қатысу ерікті түрде ата-аналардың өтініштері негізінде барлық 1-8, 10-сыныптардың оқушылары үшін өткізіледі, – деді басқармада. 

9 және 11-сынып түлектеріне арналған қорытынды аттестаттау 28 мамыр мен 11 маусым аралығында жоспарланған. 

Негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамырдан басталып, 5 шілдеге дейін USTUDY Тестілеу орталығының екі пункт базасында өткізілуде. 

Айта кетейік, ҰБТ-ны 3 647 түлек тапсыруды көздеп отыр.