Павлодар облысында келесі жылы үш жаңа мектеп салынады
Оқушы орындарының тапшылығын азайту үшін 1200 орындық мектептерді салу көзделуде , деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл жайлы облыс әкімі Асайын Байханов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде мәлім етті.
– Оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Павлодар қаласында 1200 және 600 орындық екі мектептің құрылысы басталды. Келесі жылы әрқайсысы 1200 орындық үш мектептің құрылысын бастау жоспарлануда,– деді аймақ басшысы.
Асайын Байхановтың айтуынша, өңірдің ірі өнеркәсіптік компанияларының қаражаты есебінен апатты мектептердің мәселесі шешілді.
– Облыстың үш ауылында жаңа үш заманауи мектеп салынды.Павлодар облысында жалпы сомасы 6,5 миллиард теңгеге 54 мектепті жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қалған 162 мектепті келесі жылы жөндейміз,– деп атап өтті облыс әкімі.
Шағын ауылдардың балаларын тасымалдау үшін 46 мектеп автобусы сатып алынды.