Павлодар облысында ауыл шаруашылығы жерлерін беру мерзімі екі есеге қысқарады

Павлодар облысында ауыл шаруашылығы жерлерін беру мерзімі екі есеге қысқарады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді цифрлық форматта беру жүйесі енгізіліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аграрлық саланың тұрақты дамуы жер ресурстарын тиімді пайдаланумен тікелей байланысты. Павлодар облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитовтың айтуынша, бүгінгі күні өңірдегі басты басымдық –  топырақтың құнарлылығын сақтай отырып, жердің тозуына жол бермеу және оларды нысаналы мақсатына сай пайдалану.

Өңірде жер ресурстарының сандық және сапалық жай-күйіне үнемі бақылау жүргізіліп келеді. Мониторинг тек жердің пайдаланылуын ғана емес, сонымен бірге, топырақ құнарлылығының динамикасын, эрозиялық процестерді, тұздануды, құрғауды, шөлейттенуді және өсімдік жамылғысын қамтиды.

– Облыс үшін негізгі міндеттердің бірі –   жердің одан әрі тозуының алдын алу және қазірдің өзінде тозған ауыл шаруашылығы алқаптарын қалпына келтіру. Әсіресе, жайылымдар ерекше назар аударуды қажет етеді, себебі олардың жағдайы түсетін жүктемеге, жайылым айналымының сақталуына және суаттармен қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты, –  дейді Мұрат Хамитов.

ҚР Жер кодексіне сәйкес, ауыл шаруашылығы жерлері 10 жылдан 49 жылға дейінгі жалдау құқығымен конкурстар арқылы беріледі. Бүгінгі таңда үміткерлерді бағалау критерийлері жаңартылып, тәсілдері өзгертілді. Енді конкурстық ұсыныстар негізгі көрсеткіштер 1 гектарға салынатын инвестицияның болжамды көлемі, ауыл шаруашылығы техникасының болуы, ануарлар басының саны мен мамандардың біліктілігі бойынша бағаланады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Жер кодексіне жерді электрондық конкурстар негізінде бөлуді көздейтін түзетулер әзірленді.

– Жаңа жүйенің ең басты артықшылығы –  жер комиссиясының конкурс жеңімпазын анықтау функциясы жойылады. Бұл көп сатылы келісулер мен хаттамалық рәсімдер сияқты сыбайлас жемқорлық қаупі бар әкімшілік кедергілерді толықтай шешеді, – дейді басқарма басшысы. 

Өтінім беруден бастап жеңімпазды анықтауға дейінгі барлық процесс мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланған ақпараттық жүйеде автоматты түрде өтеді. Алдын ала есептеулерге сәйкес, бұл конкурстарды өткізу мерзімін екі есеге қысқартады, яғни бұрын 90 күнге дейін созылса, енді шамамен бір ай айналасында шешіледі. 

Айта кетейік, бүгінгі таңда Павлодар облысы бойынша 35 конкурс өткізіліп, жалпы ауданы 214 мың гектарды құрайтын 343 жер учаскесі пайдалануға берілді.