Павлодар облысында ең көп шығарындылар шығаратын кәсіпорындар қандай?
2023 жылдың қорытындысы бойынша қоршаған ортаға түскен шығарындылардың көлемі 700 мың тоннадан асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Мағзум Кукумбаев мәлім етті.
Өңірде жалпы шығарындылардың шамамен 95 пайызы бірінші санаттағы 64 кәсіпорыннан келеді. Бұл отын-энергетика кешенінің кәсіпорындары - 65,4 пайыз, металлургия – 26 пайыз, мұнай-химия – 3,2, тау – кен өндіру кешені-1,2 пайыз және басқа салалар – 4,2 пайыз.
Атмосфералық ауаға антропогендік әсер негізінен облыстың үш ірі қаласында қалыптасқан. Оған Екібастұз қаласында 42 пайыз (410 мың тонна), Ақсу қаласында 28 пайыз (279 мың тонна) және Павлодар қаласында облыстың жалпы шығарындыларының 25 пайызы (243 мың тонна) тиесілі. Облыстың қалған аудандары шығарындылардың қалған 5 пайызын құрайды.
– Атап айтқанда, Екібастұз аумағындағы ГРЭС-1, 2, Ақсу қаласындағы ГРЭС, Павлодарэнерго, Алюминий-Қазақстан тәрізді ірі кәсіпорындары ең көп шығарындылар шығарады, – деді Мағзум Кукумбаев. – Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша қоршаған ортаға түскен нақты шығарындылардың көлемі 703,97 мың тоннаны құрайды. Жылдық лимит – 909,3 мың тонна.
2024 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша облыс кәсіпорындары табиғатты қорғау іс-шараларын жүзеге асыруға 25,9 млрд.теңге бөлді. Қазіргі таңда жоспар бойынша 2,9 миллиард теңге игерілді.
Айта кетерлігі, Қазгидрометтің байқау бекеттерін тіркеу бойынша жүргізіп жатқан мониторингіне сәйкес Павлодар облысының аумағында жоғары және экстремалды жоғары ластану жағдайлары 2017 жылдан бері анықталған жоқ.