«Таза Қазақстан»: Ақсу тұрғындары жаңа саябақты абаттандыруға атсалысты
Металлургтер қаласының тұрғындары 100-ден астам ағаш көшеттерін отырғызды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ақсу қаласындағы жаңа саябаққа ағаш көшеттері отырғызылып, қала көшелері мен аумақ қоқыстан тазартылды. Ауқымды сенбілікте аймақ басшысы Асайын Байханов ақсулықтармен бірге ағаш көшеттерін отырғызып, қала тұрғындарымен тілдесті.
– Кез келген үлкен істің бастауы алғашқы қадамнан басталады. Бүгінгі жасалып жатқан жұмыстар да қаламыздың көркеюіне бағытталған маңызды қадам деп есептеймін. Саябақтың абаттандырылып, жасыл желекпен толықтырылуы тұрғындар үшін қолайлы демалыс орнының қалыптасуына мүмкіндік береді, - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, сенбілікке Ақсу қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ізбасар Үсенов, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанмұхан Арынов, қалалық мәслихаттың төрағасы Мәдениет Омарғалиев және Ақсу қаласының Құрметті азаматы, «Туған қала» жобасының қоғамдық кеңесшісі Александр Васильевич арнайы қатысты.
Қалалық мәслихаттың төрағасы Мәдениет Омарғалиевтың айтуынша, қаланың ескі бөлігі мен жаңа шағынаудандардың арасында орналасқан бұл саябақ біртіндеп көркейіп келеді.
– Бүгінгі сенбілік аясында жаңа саябақтың абаттандырылуына өз үлесімізді қосып жатырмыз. Болашақта бұл жер тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналады деп ойлаймыз. Саябақ аумағында жасыл желек көбейіп, адамдарға серуендеп, тынығуға қолайлы жағдай жасалады. Бүгінде мұнда таңертең серуендейтін тұрғындардың саны артқан. Сонымен қатар, саябақта Тәуелсіздік монументін орнату жоспарланып отыр. Оның айналасы да абаттандырылып, жаңа саябақ қаланың көрікті орындарының біріне айналары сөзсіз, - деді ол.
Мәдениет Омарғалиев жаңа саябақ аумағында абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Сенбілік аясында шырша көшеттері отырғызылған саябақта жасыл желекті қалыптастыру жұмыстары дендрологтар әзірлеген жобаға сәйкес жүргізілуде.

Болашақта саябақтың екінші бөлігінде пирамидалы теректер отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар, аумақта көгал егілiп, оны күтіп-баптауға қажетті суару жүйесі қарастырылған. Бұған қоса, саябақтағы алма ағаштарын да сақтап қалған.
Ақсу қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бейбіт Азаматовтың айтуынша, сенбілік аясында саябақ аумағына 30 терек, 65 шырша және 20 қарағай көшеті отырғызылды.
– Саябақ қазіргі таңда 85 пайызға дайын. Отырғызылған ағаштардың жерсіну көрсеткіші жақсы болады деп ойлаймыз. Себебі көшеттерге қосымша тыңайтқыштар қолданылып, калий және фосформен қоректендірілуде. Алдағы уақытта саябақ аумағына қылқан жапырақты және жапырақты ағаштардың 300-ден астам көшеті қосымша отырғызылады. Бұл жұмыстарды қазан айында жүргізу жоспарланып отыр, - деді Бейбіт Азаматов.
Жалпы, сенбілікке 1500 адам тартылған. Сонымен қатар, 30 техника және 50-ге жуық ұйым атсалысты. Жиналған қоқыс көлемі шамамен 200 тонна болады деп жоспарлануда.