«Ертіс орманы» резерватында бес жылға ағаш кесуге тыйым салынуы мүмкін
Аталмыш бұйрықты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі әзірледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ашық НҚА порталында мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесудің барлық түріне тыйым салу туралы жобасы талқылануда.
– «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі екпелерде ағаш кесудің барлық түріне (өтімді қоқырсуды жинаудан, соқпақтарды шабудан және орманды күтiп-баптау мақсатында ағаш кесуден басқа) осы бұйрық қолданысқа енгізілген күннен бастап 2029 жылғы 1 қаңтарға дейін тыйым салынсын, – делінген құжатта.
Бұл бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Жоба 24 маусымға дейін ашық талқыланады.
Еске сала кетейік, былтыр 15 шілдеде Шарбақты ауданы «Ертіс орманы» табиғи резерватының аумағында өрт шыққан болатын. Өрттің ауданы шамамен 850 гектарды құрады. Орын алған алапат өртті ауыздықтауға 350-ден астам адам жұмылдырылып, 101 техника тартылған еді. Жергілікті тұрғындарды эвакуациялау қажет болмады.