Павлодар облысында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсімі сақталуда

Павлодар облысында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсімі сақталуда
Фото: Валерий Бугаев

Облыс әкімдігінде өткен жиналыста 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, облыстық бюджеттің орындалуы және өңірлік жұмыспен қамту картасының іске асырылу барысы қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметенше, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің басым бөлігінде оң өсім қамтамасыз етілді. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 108,7 пайызды құрады және бұл республикалық орташа деңгейден (105,1 пайыз) жоғары. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім 7,9 пайызға өсіп, 1,4 трлн теңгеге жетті. Облыстағы инфляция (4,3пайыз) республикалық орташа көрсеткіштен төмен деңгейде қалып отыр.

Жеті айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі төрт пайызға, ауыл шаруашылығы - 5,2 пайызға, құрылыс - 21,5 пайызға, сауда – 14 пайызға өседі деп күтілуде. Негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемі 7,7 пайыз өсіммен 620 миллиард теңгеден асады деп болжануда. Ал пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі шамамен 177 мың шаршы метр болады.

Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің барлығы бойынша тұрақты оң серпінді Павлодар қаласы, сондай-ақ Ақтоғай, Баянауыл және Шарбақты аудандары көрсетіп отырғаны атап өтілді. Сонымен қатар, бірқатар аумақтарда өндірістік және салалық объективті факторларға байланысты өсім қарқынының төмендеу қаупі бар. Асайын Байханов жыл соңына дейін барлық жоспарлы индикаторлардың орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтіп, қала және аудан әкімдеріне салалық басқармалармен бірлесіп әрбір көрсеткіш бойынша артта қалудың себептеріне жан-жақты талдау жүргізуді, оларды жою бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және белгіленген жұмыстардың орындалуына күнделікті мониторинг жүргізуді тапсырды.

Өңір басшысы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмысын күшейтуді, қолда бар өнеркәсіптік әлеуетті барынша тиімді пайдалануды, жаңа өндірістерді уақытылы іске қосуды, инвестициялар көлемін ұлғайту, шағын және орта бизнесті дамыту және салық базасын кеңейту бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.

Жиналыс барысында облыстық бюджеттің орындалуы да қаралды. 1 шілдедегі жағдай бойынша бюджет кірістері 247,1 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткіш салық заңнамасындағы және салықтық әкімшілендірудің жекелеген тетіктеріндегі өзгерістерге байланысты қалыптасты. Бұл ретте бюджет шығыстары 99 пайызға орындалып, облыстық бюджет 100 пайызға игерілді. Қосымша резервтерді іздестіру жөніндегі жоспарды іске асыру нәтижесінде жергілікті бюджетке қосымша үш миллиард теңге кіріс тартылды.

Өңірлік жұмыспен қамту картасының іске асырылуына ерекше назар аударылды. Биыл облыста 17,9 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған, оның ішінде 14 мың тұрақты жұмыс орындары. Бірінші жартыжылдықта 11 092 адам жұмыспен қамтылып, оның ішінде 7 436 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.

Жұмыспен қамтуды мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде субсидияланатын жұмыс орындары, инфрақұрылымдық жобалар және «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Павлодар облысы шілде айынан бастап «Жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі» жаңа цифрлық моделін енгізу бойынша еліміздегі екі пилоттық өңірдің бірі болды. Жоба азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің жаңа тәсілін көздейді және жұмысқа орналасуға деген қажеттілікті анықтаудан бастап тұрақты жұмысқа орналасқанға дейінгі кезеңде әрбір азаматты жеке сүйемелдеу үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалану қарастырылған.

Жиналыс қорытындысы бойынша Асайын Байханов қала және аудан әкімдеріне, сондай-ақ бейінді басқармаларға жыл қорытындысы бойынша барлық нысаналы индикаторлардың орындалуын қамтамасыз етуді, туындаған тәуекелдерге жедел әрекет етуді және әрбір мәселе бойынша алдын алу шараларын қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, инвестициялық жобаларды іске асыруға, өнеркәсіп өндірісін қолдауға және өңірлерде экономиканың тұрақты өсуіне қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аудару жүктелді.