30 мыңнан астам павлодарлықтың мүлік салығынан берешегі бар

30 мыңнан астам павлодарлықтың мүлік салығынан берешегі бар
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңір тұрғындарына мүлік салығын уақытылы төлеу ұсынылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, 1 қазанда жеке тұлғалардың 2025 жылға есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады.

Өңірде 260 мыңнан астам тұрғынға 346,6 миллион теңгеге жуық мүлік салығы есептелген. Қазір оның 331 миллион теңгеден астамы бюджетке түсті.

Сонымен қатар 30 мыңнан астам тұрғынның өткен кезеңдер бойынша берешегі бар. Қарыздың жалпы сомасы 42 миллион теңгені құрайды.

Салық сомасын e-Salyq Azamat қосымшасындағы «Алдағы төлемдер» сервисінен тексеруге болады. Ақпарат Halyk Bank, Kaspi.kz, Банк ЦентрКредит, Freedom Bank және басқа банктердің мобильді қосымшаларында да қолжетімді.

Берешек туралы мәліметті Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz порталынан, SalyqBot арқылы немесе 1414 нөміріне хабарласып білуге болады.

Мүлік салығын уақытында төлемеген жағдайда әр кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі. Берешек бір айлық есептік көрсеткіштен асса, салық төлеушіге хабарлама жіберіледі.

Егер қарыз хабарламадан кейін 30 жұмыс күні ішінде өтелмесе, салық бұйрығы шығарылады. Ал бұйрық табысталғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде берешек төленбесе, материал жеке сот орындаушысына беріледі.

Мұндай жағдайда банк шоттары мен мүлікке тыйым салынуы, сондай-ақ Қазақстаннан шығуға уақытша шектеу қойылуы мүмкін. Борышкерге жеке сот орындаушысының қызмет ақысын да төлеуге тура келеді.

Мемлекеттік кірістер департаменті тұрғындарға мүлік салығын 1 қазанға дейін төлеп, төлемді соңғы күнге қалдырмауды ескертті.