Павлодар облысында айыппұл төлемеген борышкерлерден 22 миллион теңге қайтарылды
Қарызға батқан 155 көліктің жүргізушісі анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Борышкер» жедел – профилактикалық шарасы нәтижесінде борышкерлерден 22 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді.
Жол жүру ережесін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ құқық бұзушылар арасында орындалмаған жаза үшін жазаның бұлтартпаушылық қағидатын сақтау мақсатында өңір аумағында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
– Жүргізілген жұмыс нәтижесінде борышкер-жүргізушілерден 22 миллион 782 мың теңге өндірілді. «Кибер-Шериф» аппараттық-бағдарламалық кешені мен «қорғау» жүйесін қолдана отырып, жүргізушілердің қарыздары болған 155 көлік құралы анықталды. Жүргізушілері айыппұл төлеуді елемеген 9 автокөлік арнайы тұраққа қойылды, – деді Павлодар облысы ПД әкімшілік полициясының бастығы Борис Әлімбаев.
Мысалы, тәртіп сақшылары Lada Granta маркалы автокөлікті айып тұрағына қойылды. Оның иесі 200 мың теңгеден астам айыппұл төлемеген. Сондай-ақ, 400 мың теңгеден астам айыппұл салынған Jaguar CCX маркалы автомобиль де айып тұрағына қойылды. Енді иелері қарыздарын толық өтегеннен кейін ғана көліктерін ала алады.