Павлодар облысында биыл қанша тонна мұнай өңделді?

Павлодар облысында биыл қанша тонна мұнай өңделді?
Фото: Константин Шелков

Облыс аумағында бір ірі мұнай өнімдерін өндіруші және үш өңдеуші зауыт бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Қамбар Қабдуллин өңір аумағында мұнай өнімдерінің бір ғана ірі өндірушісі — «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, сондай-ақ «Меркурий 5», «Рымжан Трейд» және «Alef Trade» ЖШС кіретін үш шағын МӨЗ жұмыс істейтінін атап өтті. 

– Павлодар облысында жанар-жағармай материалдарын көтерме сатумен айналысатын 104 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 26-сы облыстың өзінде, ал 78-і Қазақстанның басқа өңірлерінде тіркелген, – деді Қамбар Қабдуллин.  – Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жанар-жағармай материалдарына сұраныстың артуымен ағымдағы жылдың 29 наурызынан бастап ел аумағында автомобиль көлігімен бензин, дизель отыны, сұйылтылған газ және басқа да мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салынды. 

Өз кезегінде департамент қызметкерлері ішкі нарықты қорғауды және баға көрсеткіштерінің тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, мұнай өнімдерін әкетудің «сұр» схемаларына қарсы тұру бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде. 

Павлодар облысы Ресей Федерациясымен шектеседі, онымен бес өткізу пункті және үш ТЖ бекеті бар. Автокөлік бекеттері арқылы әртүрлі жүктердің тасымалдануын бақылау облыстың МКД экспорттық бақылау басқармасымен бірлесіп жүзеге асырылады. ТЖ бекеттерін облыс ҰҚК Шекара қызметі департаменті бақылайды.

– Биыл Павлодар облысының аумағында қылмыстық құқық бұзушылықтар тіркелген жоқ, алайда оларды анықтау бағытындағы жұмыс жалғасуда және тұрақты бақылауда тұр, – деді спикер. 

Бұл ретте, екі жыл бұрын мұнай өнімдерін ҚР шегінен тыс жерлерге әкету бойынша екі факті анықталған. Атап айтқанда,  Өзбекстанға теміржол арқылы жеткізілмек болған. Құқықбұзушылар сотталды.

Айта кетерлігі, 2024 жылғы қаңтар-маусым аралығында мұнай өңдеу көлемі 2,7 млн тоннаға жетті, оның ішінде 799 мың тоннадан астам бензин, 907,7 мың тоннадан астам дизель отыны, 122,1 мың тонна авиациялық отын және 230,1 мың тонна мазут өндірілді. Сондай-ақ облыс аумағында 153 мың тонна битум жасалды.