Сауд Арабиясында алтын алды: Павлодар оқушысына бес миллион теңгеден астам төленеді
Интеллектуалдық жарыста әлемнің 88 мемлекетінен 350-ден астам оқушы бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен химия пәні бойынша 56-ші Халықаралық олимпиада (IChO-2024) өз мәресіне жетті. Олимпиада теориялық және эксперименттік турлардан тұрды. Екі тур да бес сағатқа дейін созылды.
– Қазақстан құрама командасына кірген дарынды балаларға арналған № 8 лицей мектебінің оқушысы Ринат Илюсизов Халықаралық олимпиаданың қорытындысы бойынша алтын медаль иегері атанды. Мұғалімі – Оксана Колдашева, – деді облыстық білім беру басқармасында.
Ринат Илюсизов – химия пәнінен облыстық, республикалық және Халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. Шэньчжэньде (Қытай) өткен Халықаралық Менделеев химиялық олимпиадасының алтын медаль иегері, оған әлемнің 29 елінің оқушылары қатысқан. Сондай-ақ, 2022 жылы Ресейде өткен «Туймаада» Халықаралық олимпиадасынан алтын медаль, 2023 жылы Швейцарияда өткен Icho химиядан 55-ші Халықаралық олимпиадасынан күміс медаль, 2023 жылы 57-ші Халықаралық Менделеев олимпиадасынан қола медаль, 2024 жылы химия пәнінен оқушылардың республикалық олимпиадасынан алтын әкелген.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен құрама команда мүшелері бірнеше республикалық және Халықаралық оқу-жаттықтыру жиындарына қатысып, 2024 жылғы Еуропалық және Дүниежүзілік олимпиадаларда 100% нәтижелер көрсете білді.
Айта кетейік, Халықаралық ірі олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушыларға еліміздің жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грантпен оқуға түсуге мүмкіндік беріледі. Ақшалай сыйақы төленеді. Алтын медаль үшін 1500 АЕК, күміс медаль үшін 1000 АЕК, қола медаль үшін 500 АЕК төленеді. Оқушыларды дайындаған тәлімгерлеріне де марапат қарастырылған.