Павлодар облысында инвестиция көлемі шамамен 10 пайызға өсті

Павлодар облысында инвестиция көлемі шамамен 10 пайызға өсті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл басынан бері өңдеуші өнеркәсіпке 100 млрд теңге инвестиция салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында өңірде негізгі капиталға салынған инвестициялар 516 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,8 пайызға артты.

Өңірде өңдеуші өнеркәсіпке 108,9 миллиард теңге инвестиция бағытталды.

Алты айдың қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 2 триллион 185,1 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5,8 пайызға көп. Жалпы өндіріс көлемінің 56,8 пайызы өңдеуші сектордың үлесіне тиесілі.

Өңдеуші өнеркәсіпте өндіріс көлемі бір жылда 8,8 пайызға өсті. Ең жоғары өсім құрылыс индустриясында (59,9 пайыз), дайын металл бұйымдарын өндіруде (37,4 пайыз), мұнай өңдеуде (16,1 пайыз), жеңіл өнеркәсіпте (15 пайыз), машина жасауда (14,7 пайыз) және химия өнеркәсібінде (14,5 пайыз) тіркелді.

Сонымен қатар тамақ өнімдерін өндіру 4,3 пайызға, металлургия саласы 2,7 пайызға өсті.