Павлодарлық кәсіпкерлерге сыра өнімдерін таңбалаудың жаңа тәртібі түсіндірілді

Павлодарлық кәсіпкерлерге сыра өнімдерін таңбалаудың жаңа тәртібі түсіндірілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл туралы Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ведомствода атап өткендей, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда шыны ыдысқа құйылған сыра мен сыра сусындары міндетті түрде Data Matrix кодымен таңбалануы тиіс. Талап елде өндірілген және сырттан әкелінген өнімдерге бірдей қолданылады.

Сыра өнімдерін цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізілуде. 1 ақпаннан бастап кегтердегі өнімдерге қойылатын талап күшіне енді. 1 қыркүйектен бастап шыны шөлмектер, ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қаңылтыр банкілер таңбаланады.

– Цифрлық таңбалауды енгізу тауардың өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап түпкілікті бөлшек сатушыға дейінгі бүкіл тізбек бойынша толық қадағалануын қамтамасыз етеді, сондай-ақ айналымға қатысушылар арасында өнімді беру кезінде құжаттардың электронды түрде ресімделуі мен расталуына кепілдік береді, – деп түсіндірді ведомствода.

 Жаңа талаптарға дайындалу үшін кәсіпкерлер tanba.markirovka.kz порталындағы Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесінде тіркеліп, тауар карточкаларын толтыруы қажет. Бұдан бөлек, таңбалау кодтарын алу және оларды өнімге түсіру рәсімдерінен алдын ала өту керек.

Сауда орындары мен басқа да нарық қатысушылары таңбаланған өнімдердің айналымы кезінде электрондық құжаттарды қабылдау және растау үшін жабдықтары мен есепке алу жүйелерінің дайындығын қамтамасыз етуі тиіс.

Міндетті таңбалау енгізілгенге дейін өндірілген немесе Қазақстанға әкелінген таңбаланбаған өнім қалдықтарын бірден саудадан алып тастау талап етілмейді.

– Міндетті таңбалау енгізілген күнге дейін өндірілген немесе әкелінген сыра мен сыра сусындарының таңбаланбаған қалдықтарын сатуға бекітілген тізбеге сәйкес бір күнтізбелік жыл ішінде рұқсат етіледі, – деді Мемлекеттік кірістер департаментінде.

Ведомство нарық қатысушыларына дайындықты 1 қыркүйекке дейін кейінге қалдырмай, қажетті рәсімдерді алдын ала аяқтауды ұсынды. Бұл жаңа талаптарға көшу кезінде өнімді өткізу процесіндегі іркілістердің алдын алуға мүмкіндік береді.