Аққулы ауданы республика бойынша қарбыздан ең жоғары өнімділік беруде

Ауданда биыл 1 910 гектар жерге қауын-қарбыз егілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 700 гектарға артық. Оның ішінде 935 гектар алқапта тамшылатып суару технологиясы қолданылған, ал 975 гектар ашық жерге егілген.
Өнімділік гектарына шамамен 40-45 центнер деңгейінде күтілуде. Бұл көрсеткіш аудан бойынша орташа есеппен алынған, себебі егіс тек Шарбақты ауылдық округінде ғана емес, Ямышев және Қарақала ауылдық округтерінде де бар. Дегенмен,бақша дақылдарының негізгі бөлігі Шарбақтыда өсіріледі.
Шаруаларға мемлекет тарапынан төмен пайыздық және арзандатылған несиелер беріледі. Мысалы, «Кең дала» бағдарламасы арқылы бір жылдық несие алу мүмкіндігі бар.
– Қазіргі уақытта қауын-қарбыз жинау жұмыстары басталды. Биыл республикадағы басқа өңірлермен салыстырғанда ауданның өнімділігі жоғары. Мұны маусым айындағы ыстық ауа райы мен тамшылатып суару технологиясының тиімділігімен байланыстыруға болады. Қарбызға ең бастысы су мен күн қажет. Биыл бұл талаптар толық орындалды. Сондықтан өнім сапасы да, көлемі де жақсы, – деді ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әлім Бейсембеков.
Биылғы өнім Павлодар қаласының базарларына, сондай-ақ Астана мен Қарағандыға жөнелтіліп жатыр.
Шаруалар өнімді экологиялық таза технологиямен өсіреді. Нитраттар мен селитра қолданылмайды деуге болады. Ашық жерге егілгенде өнім көлемі ауа райына тәуелді болса, тамшылатып суаруда тұрақты су мен күн сәулесі мол өнім береді.
Аққулы ауданының «Алан» шаруа қожалығы бес жылдан бері тамшылатып суару технологиясын қолданып келеді. Шаруа қожалығының басшысы Сәкен Темірғалиевтің айтуынша, биыл 50 гектар жерге қарбыз егілген.
– Қарбыз өсіруді 1998 жылы бастадым. Соңғы бес жыл бойы тамшылатып суаруға көштік. Табиғат өзгеріп барады, көктемде жауын-шашын аз, құрғақшылық жиілеп кетті. Ерте өнім алу үшін ұңғымадандан су шығарып, тамшылатып суару әдісін қолданамыз, – дейді ол.
Егіс жұмыстары наурыз айында басталады. Алдымен ерте пісетін сорттардың көшеттері жылыжайда дайындалады, мамырдың басында егіс алқабына отырғызылады. Көшеттер жел мен суықтан зақымданбауы үшін арнайы доға мен және арнайы үлдірмен жабылады.
50 гектар алқапты тамшылатып суаруға шамамен 22 миллион теңге жұмсалған. Бір гектарға 12 қатар тамшылату лентасы төселіп, әр қатарға бір шақырымға жуық құбыр жүргізіледі.
Жұмысқа негізінен көрші ауылдар мен Семей облысынан келген он шақты маусымдық жұмысшы тартылады. Олар егіс, арамшөп отау, көшет отырғызу, доға орнату сияқты жұмыстарды атқарады.
Қожалықта шамамен 20-ға жуық қарбыз сорты өсіріледі. Олардың бәрі – Голландия және Алматыдан алынған, уақытпен тексерілген сорттар. Ерекше жаңа сорттар жоқ.
Бақша дақылдары негізінен Павлодар, Ақсу, Екібастұз және Астана қалаларына жөнелтіледі.
– Біздің өнім – экологиялық таза. Селитра қосылмайды. Сондықтан жергілікті тұрғындар біздің қарбызды жақсы біледі, піскенін күтіп, сатып алады. Оңтүстіктің қарбыздары арзан болғанымен, құрамында селитра көп болғандықтан көп адам алмайды, – дейді Сәкен Темірғалиев.
Сатылым шілде айынан басталған. Оңтүстіктен келген қауын 100 теңгеден сатылса, жергілікті экологиялық таза өнім 200 теңгеден өтуде.
Айта кетерлігі, мамыр айының соңында дауылды жел мен ұсақ бұршақ жауып, кейбір шаруашылықтарға зиян тигізгенімен, жалпы өнім көлемі жоғары деңгейде қалып отыр.
Аудан бойынша 26 шаруа қожалығы қауын-қарбыз егумен айналысады. Биыл 62 түрлі қарбыз сорты өсірілуде. Соның басым бөлігі Шарбақты ауылдық округінде өсіріледі. Бұл өңір – аты шыққан Лебяжі қарбызының отаны.