Павлодар облысында инвестициялар тарту жоспары бір триллион теңгені құрады
Бүгінгі таңда көрсеткіш жартысынан астам орындалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық әкімдікте Асайын Байхановтың қатысуымен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы аппараттық жиналыс өтті.
Жолдауда көрсетілген басты басымдық инвестициялық ахуалды және бизнесті жүргізу үшін жағдайларды жақсарту болып табылады. «Осында және қазір» режимінде капитал тарту үшін Үкімет жанындағы инвестициялық штабтың жұмысына ерекше назар аударылды.
– Біздің облыста инвесторлардың мәселелерін жедел қарау және басым жобаларды іске қосуды жеделдету үшін өңірлік инвестициялық штаб жұмыс істейді. Жыл басынан бері бес отырыс өткізілді, – деді облыс әкімінің орынбасары Айгерім Қабылтаева. – Жаңа кәсіпорындар құру жөніндегі рәсімдерді жеңілдетуді көздейтін «Жасыл дәліз» жүйесінің өлшемдері бойынша 12 ірі инвестор жұмыс істейді.
Оның айтуынша, облыста барлығы 10 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 2,5 трлн теңге сомасына 119 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Оның ішінде биыл инвестиция көлемі 162 млрд теңгеден асатын 42 жобаны іске қосу жоспарланған.
Жалпы, ағымдағы жылға инвестициялар тарту жоспары шамамен бір триллион теңгені құрады. Бүгінгі таңда көрсеткіш жартысынан астамға орындалған.
– Бір триллионнан астам инвестиция тарту осы күнге дейін болмаған. Бұл – басты жұмыстардың бірі. Сондықтан аудан, қала әкімдері бұл бағытта әрі қарай толық жұмыс атқаруы керек, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Облыс әкімінің орынбасары бұл ретте, тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға басты назар аударылатынын атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 940 миллионнан асты. Ағымдағы жылға міндет – 1,1 миллиард теңге. Сонымен қатар, үкімет еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін ашу үшін жүйелі шаралар ретінде 17 ірі жобаның тізбесін құрастырған. Оның ішінде біздің облыстың «Mineral Product International» ЖШС-нің ферроқорытпалар өндіру жөніндегі жобасы бар.
– Жоғары шекті өнімдерді игеруге басымдық беріледі. Бүгінгі таңда бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындардың өнімдері өнімнің осы түрін өндіруге арналған шикізат болып табылады. Жеңіл балқымалы автомобиль дискілерін, кабель-өткізгіш өнімдерін, алюминий катанкасын, биг-бегтерді, полипропилен құбырларын шығару игерілді, – деді Айгерім Қабылтаева.
Сондай-ақ ол облыста мұнай-газ-химия кластерін одан әрі дамыту мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Мысалы, «Нефтехим Ltd» ЖШС шығаратын полипропиленді шатыр материалдарын, ауа және су сүзгілерінің геотекстильдерін, жеке гигиена заттарын өндіру үшін пайдалануға болады.