Құрт, жент және маскарпоне: павлодарлық фирма жаңа десерт таныстырды

Павлодарда екінші күн қатарынан «PRO Milk’25» халықаралық форумы өтіп жатыр. Шараға 12 елден келген делегаттар қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Форумға Алматыдағы Микробиология және вирусология институты да қатысып отыр. Институт қызметкері Гаухар Қалибекованың айтуынша, институт форумға ауыл шаруашылығына арналған биопрепараттарымен келген.
– Біз сүрлем дайындауға арналған ашытқы, малға арналған азықтық қоспа және төлдердің ішек ауруларының алдын алуға бағытталған биопрепараттар ұсынып отырмыз. Барлық өнім Алматыдағы өз зауытымызда шығарылады. Нарықта 20 жылдан бері жұмыс істеп келеміз, – деді ол.
Қытайлық делегация да форумға арнайы шақыртумен келіп, өздерінің жемдік қоспалар мен күйіс қайыратын жануарларға арналған өнімдерін таныстырды. Қазір олар Қазақстанда серіктестер іздестіріп жатыр.
Қазақстандық өндірушілер де назардан тыс қалмады. Павлодарлық «ЭкоДом» фирмасы ұлттық сүт өнімдерімен, атап айтқанда, құрт, жент және қызыл ірімшікпен танымал. Компания өкілі Александр Потапенконың айтуынша, жақында ұлттық стильде жасалған жаңа десерт – маскарпоне, жент пен бидай араласқан өнім нарыққа шығарылады.
– Біз тәтті құртты алғаш болып шығардық. Енді дәстүрлі тағамдарымызды заманауи форматта ұсынып, жас ұрпаққа жақындатуды көздейміз, – деді ол.
Форум ұйымдастырушысы Нұрлан Мұхамеджановтың айтуынша, мұндай кездесулер кәсіпкерлер арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, шетелдік компанияларға Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді.
– Жергілікті бизнес иелерінің бәрі бірдей Астанаға бара алмайды. Сондықтан біз өзіміз олармен кездесуге келеміз. Бұл – өзара тиімді ынтымақтастықтың бастауы, – деді ол.
Айта кетейік, форум барысында Павлодар облысында алты жаңа сүт-тауарлы ферманың құрылысы жоспарланып жатқаны және гипоаллергенді сүт өнімдерінің жаңа желісі іске қосылатыны белгілі болды.